Әлем елдерінде инклюзивті білім берудің ерекшеліктері қандай?

Әлемде мүмкіндігі шектеулі балалардың 75%-і сапалы білім ала алмай отыр, деп хабарлайды 24kz.

Сондықтан мамандар түрлі мемлекеттердің басшылығын инклюзивті білім беру жағын жетілдіруге шақыруда. Мысалы, Қытайда бұл бағытта маман тапшы. Мәселені шешу үшін билік түрлі бағдарламаларды қолға алған. Ал АҚШ-та ата-ана баласына қандай да бір маман қажет деп шешсе, арнайы комиссия мәселені қарастырып, шешім шығарады. Әлем елдеріндегі инклюзивті білім беру ерекшеліктері туралы алдағы топтамадан білейік.

 

Финляндияда баланың жеке көмекшісі болады

Финляндияның білім беру жүйесі үздіктердің қатарына кіретіні көбіне мәлім. Ол тегін, бәрі үшін қолжетімді әрі инклюзивті болу керек деген түсінік кеңінен тараған. Сондықтан дамуында ерекшелігі бар оқушылар кәдімгі мектепте оқиды. Олар тегін ыстық тамақ, кеңсе тауарлары және оқулықтардан бөлек қажетті жабдықпен әрі жеке көмекшімен қамтамасыз етіледі. Финляндияда 5 жасында бүлдіршіндер психологиялық-педагогикалық тексеруге жіберіледі де, оның қоғамға сіңісуі үшін қандай педагогтың қажет екені анықталады. Бала мектепке барғанда осы қорытынды негізінде жеке оқу бағдарламасы таңдалады.

 

Норвегияда барлық мектеп инклюзивті білім береді

Осы Финляндияға көрші Норвегияда 20 жыл бұрын ауқымды реформа жүргізіліп, соның аясында барлық мектептер инклюзивті білім беретін мекеме болып қайта құрылды. Яғни, мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасы арнаулы оқу орнын іздеп сабылмайды. Мектепте барлық оқушы үзілістерде өзара араласып, дене шынықтыру сияқты сабақтарда дағдысын жетілдіреді. Әр баланың көмекшісі бар. Сондай-ақ реабилитолог, психолог, логопед, сурдоаудармашы, медициналық қызметкер мен тәрбиешілер жұмыс істейді. Сабақ ортақ 15 минуттан басталады, сосын балалар жеке бағдарлама бойынша шұғылданады.

 

АҚШ-та ата-ана өтініші бойынша мектепке қосымша мамандар жұмысқа алынуы мүмкін

АҚШ-та мүмкіндігі шектеулі балалар өзгелермен бірдей жалпыға бірдей білім беру мектептерінде оқи алады. Онда 4 түрлі нұсқа ұсынылады. Сонда балалар толықтай не жартылай кәдімгі мектепте оқиды. Болмаса, арнайы сыныпты не арнайы оңалту бағдарламасын таңдайды. Мемлекеттік мекемелер оқушыларды қажеттінің бәрімен қамтамасыз ету керек. Мысалы, логопедтің көмегі қажет болса, басшылық штатқа осындай маманды алуға міндетті.

 

Қытайда инклюзивті білім беру бойынша маман тапшы

Қытай үшін инклюзивті білім беру жаңа бағыттың бірі саналады. Сондықтан мұнда мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мамандар тапшы. Бұл ретте педагогтар арнайы курстан өтеді. Оларға жеңілдіктер жасалып, әлеуметтік көмек көрсетіледі. Билік инклюзивті білім беру бойынша кәсіби қолдау көрсету бағдаламаларын жасап, тәжірибе алмасу үшін арнайы платформалар құруда.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева