Еуропада тасқын қаупі әлі сейілген жоқ

«Борис» дауылынан кейін Орталық Еуропадағы су басқан аймақтарда ахуал күрделі, деп хабарлайды 24kz.

Италияның Эмилия-Романья аймағында тасқыннан кейін мыңдаған адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Қазір зардап шеккен аудандарда теміржол қозғалысы тоқтатылып, мектептер жабылған. Ал Польшаның бірнеше қаласында тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Одер өзенінің су деңгейі сағат сайын көтеріліп жатыр. Ел билігі зардап шеккен аймақтарға 14 мыңға жуық сарбаз аттандырған. Олар еріктілермен бірігіп қапшықтарға құм толтырып, өзен жағалауын бекітіп жатыр.

Дональд Таск, Польша премьер-министрі:

- Біз кеше америкалық сарбаздарды көмекке шақырттық. 30 жауынгер Жаган қаласына аттанды. Неміс Қарулы күштері де барынша қолдау көрсетуге дайын екендігі туралы ақпарат алдым. Сондай-ақ түрік тарапы да көмек қолын созуға әзір екенін жеткізді.

Венгрияда да ахуал мәз емес. Дунайда су деңгейі көтеріліп, Верочке және Кишмарош қалаларында үйлер мен ғимараттарды су басып қалды. 500-ден астам сарбаз апат салдарын жою үшін су бөгеттерін нығайтып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, биыл өңірде су тасқыны осымен үшінші рет тіркелген.