Британияға заңсыз бару лаңкестікпен теңестіріледі. Шартарап
Еуропада ең қатал ереже Британияда. Елде заңсыз көші-қонмен айналысу лаңкестікпен теңестіріледі. Бұл туралы Біріккен Корольдік патшасы Карл ІІІ парламент сессиясында мәлімдеді. Жаңа заң жақында ұсынылмақ. Британияның Еуроодақ құрамынан шығуының бір үлкен себебі де осы заңсыз еңбек мигранттар нөпірі болатын. Бірақ «кәрі құрлық» бірлестігінен іргесін аулақ салғанымен, шекара ортақ. Былтыр Еуроодақ шекарасынан 1 миллион 200 мың адам заңсыз өткен. Мамандар бұл кейінгі 10 жылдағы рекордты көрсеткіш дейді.
Дэвид Лэмми, Ұлыбритания Сыртқы істер министрі:
«Біз қайтсек те Британияға заңсыз жұмысқа әкелетін қылмыстық топтарды әшкерелеп, түп-тамырымен жоюымыз керек. Мұны Еуропадағы ең жақын көрші елдермен бірігіп қана іске асыра аламыз. Алаяқтарға алданатын заңсыз еңбек мигранттарының көбі бізге Франция, Германия сияқты еуропалық мемлекеттер арқылы келеді. Адамдарды заңсыз жеткізетін жолдар көп. Солардың бәрін құртуымыз қажет».
Еңбек мигранттары әлеуметтік желідегі ақпаратқа алданады
Еуроодақта заңсыз көші-қонмен күресу бойынша дау көп. Бірлестікке мүше 15 ел келімсектерді қабылдай бермей, еліне бірден қайтару туралы заң қабылдауды талап етіп келеді. Бірақ әлі күнге дейін ортақ келісім жоқ. Еуропалық сарапшылар жұмыс іздеген адамдар көп жағдайда әлеуметтік желі арқылы келген хабарландыруларға сеніп, шетел асуға бел буады дейді. Халықаралық «Интернет қылмысына қатысты арыз-шағым орталығына» WhatsApp желісін пайдаланған алаяқтық туралы жарты мыңнан астам арыз түскен. Шағымданушылар арасында 60-тан аса елдің азаматтары бар.
Елвисс Страздинс, Цифрлық қауіпсіздік орталығының басшысы:
«Түрлі интернет сайттары мен әлеуметтік желілер басқа елдің адамдарын өздері мүлде білмейтін, болмаған сырт жерге барып заңсыз жұмыс істеуге шақырады. Бір қызығы, мұны ол кісілердің өзі өте жақсы біледі. Бірақ сонда да алданып, қармаққа түсіп, маңдайы тасқа тигеннен кейін ғана бармағын шайнап, опық жейді».
Германияға 330 мыңнан астам заңсыз мигрант келген
Германия қатаң шаралар қабылдады. Былтыр ел аумағына 330 мыңнан астам заңсыз мигрант кіріп, масыл босқынға айналған. Олардың арасында Сирия, Ауғанстан, Түркия, Сербия мен Солтүстік Македония азаматтары көп екен. Олар да неміс жеріне аяқ басу үшін халықаралық қылмыстық топтардың қызметіне жүгінген. Әр екінші мигрант Польша, үшінші мигрант Австрия жақтан келіпті. Германия әзірге 1 100 келімсекті Солтүстік Македония мен Сербияға қайтарды. Қазір Германияда 3 млн 200 мың босқын өмір сүріп жатыр.
«Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ». Табыс табамын тақырға отырмаудың бір амалы – екі қолға бір күректі өз еліңнен табу. Хакім Абай «Есектің артын жусаң да, мал тап» деп бекер ескертпесе керек.