Таяу Шығыстағы қақтығыс ушығып барады

Ливандық «Хезболла» қозғалысы жарылыстар үшін Израильді айыптап, кек қайтаратындарын жария етті.

Ал Израиль Ливанға бағытталған соққыларды күшейтуге кірісіп кетті. Аймақтағы ахуалдың ушығуына қатысты халықаралық ұйымдар адаңдаушылық танытты.

Шетелдік БАҚ жұмбақ күйінде қалған электронды құрылғыларды қай тараптың жаруы мүмкін деген сауалды жан-жақты талқылап жатыр.

«Израиль Ливандағы пейджерлерді жарып жіберу операциясына кем дегенде 15 жыл дайындалған» америкалық ABC News агенттігі осылай деп жазды. Шетелдік БАҚ Ливанда жарылған, Тайваньда жасалған Gold Apollo брендін алға тартып, пейджерлерді өндіруге келісімшарт жасаған венгриялық BAC Consulting компаниясымен байланысқа шықты. Дегенмен Венгрияда мұндай пейджерлер ешқашан болмаған деген жауап алды. Олар Израиль пейджерлерді шығару үшін кем дегенде үш фирма құрды деген тұжырым жасап отыр. Бұл құрылғыларды Израиль барлау офицерлері жасады дегенді меңзейді.

Ливандағы электронды құрылғылардың жарылуы – соғысқа әкелетін лаңкестік шабуыл. «Хезболла» ұйымының жетекшісі Хасан Насралла соңғы жағдайды осылай сипаттап, Израиль мұндай әрекет арқылы көптеген бейбіт тұрғынның өміріне қауіп төндірді деп мәлімдеді.

Хасан Насралла, «Хезболла» ұйымының көшбасшысы:  

- Израильдің бұл шабуылдары шектен шыққандық әрі әскери қылмыс. Сондықтан «Хезболла» мұны аяқсыз қалдырмайды.

Алайда Израиль пейджерлер мен рациялардың жарылуына қатысты ресми мәлімдеме берген жоқ. Тек оқиғадан кейін әуеден соққы жасаған бейнелерді жариялады. Беньямин Нетаньяху да тіс жармады.    

Галлант Йовав, Израиль Қорғаныс министрі:

- Біздің мақсат – Израильдің солтүстігіндегі Ливанмен шекаралас аумақтағы азаматтарымызды қауіпсіз жерге көшіру. «Хезболла» өзінің шабуылдары үшін әлі жауап беретін болады.

Оқиғаға қатысты Израильдің одақтасы Ұлыбритания Израиль мен «Хезболла» арасындағы қақтығысты дереу тоқтатуға шақырды. Франция басшысы Макрон Ливанмен ынтымақтастық белгісі ретінде деэскалацияға шақырды. Ал Ақ үй ХАМАС пен «Хезболланы» лаңкестер деп айыптап, Таяу Шығыстағы дипломатиялық шешімнің шиеленісіп кеткенін айтты.

Мэтью  Миллер, Мемлекеттік департамент өкілі:

- ХАМАС та, «Хезболла» да террорист топтар. Біз тек лаңкестік әрекеттің болмауы үшін күш жұмсаймыз. Яғни Израиль қорғаныс әскерінің жағында қаламыз. Бірақ бұл қақтығыстың одан ары ушығуын қаламаймыз.

 

Ал БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш осы аптада Ливандағы жағдайды реттеуге бағытталған келіссөздер мен іс-шаралар жүргізу керек. Ливандағы жағдайдың күрт ушығып кету қаупі бар деп дабыл қақты. Енді Ливан президентінің сұрауы бойынша бүгін БҰҰ қауіпсіздік кеңесі шұғыл отырыс өткізеді. 

 

Авторы: Фариза Жанғанаева