БҰҰ: Ливан апат алдында тұр

Ливан алапат апат алдында тұр. Өйткені оның Израильмен шекарасын бөліп тұрған «көк сызық» бойында әскери қимылдар күшейе түсті. БҰҰ бас хатшысының өкілі Стефан Дюжаррик БАҚ өкілдерімен кездесуінде осылай деп мәлімдеді.

Ол тараптарды барынша ұстамды болып, қақтығысқа жол бермеуге шақырды. Айтуынша, Ливандағы ұйым бітімгерлері өңірде шиеленістің алдын алу үшін күш салып жатыр.

Еске салайық, күні кеше Израиль Бейрутқа соққы жасап, 31 адам қаза тапты. Құрбандардың арасында «Хезболланың» командирлері бар. Оқиғадан соң Ливан Израильдің солтүстігін 140 зымыранмен атқылады.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы:

- Біз тараптарды шұғыл текетіресті тоқтатып, Қауіпсіздік кеңесінің қарарын толығымен орындауға шақырамыз. Бұл оқиғаға қарсы екі ел де барынша ұстамды болуы керек. Өйткені Ливан апаттың шақ алдында тұр. Дипломатиялық қызметті жалғастыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет.

 

Израиль күштері Қытай бітімгерлеріне жақын маңды атқылады

Ал кейінгі мәліметке қарағанда, Израиль Ливандағы Қытай бітімгерлерінің ғимаратына 700 метрдей қашықтықта әуе соққысы жасаған. Атқылаудан бірнеше нысанға зақым келген. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Оқиға бітімгерлер оқу-жаттығу жүргізіп жатқан кезде болған.