Афиныда пәтерді қысқа мерзімге жалға беруге тыйым салынды

Грекияда баспана қымбаттады, деп хабарлайды 24KZ.

Тұрғындар оған саяхатшыларды кінәлайды. Билік мәселені шешу үшін елдің бас қаласы Афиныда пәтерді қысқа мерзімге жалға беруге тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұған дейін мұндай шектеулер Канар аралдары, Португалия астанасы Лиссабон мен Италияның Флоренция қаласында енгізілген. 

Грекия үкіметінің жаңа шешіміне сәйкес енді Афиныдағы 3 ауданда үйді қысқа мерзімге жалға беруге болмайды. Жаңа ереже бір жылға енгізілді. Мұндағы мақсат – үй тапшылығы мәселесін шешу. Эллада еліне сырттан демалушылар көп келеді. Гректер соларға қысқа мерзімге үйлерін жалға беріп, күн көреді. Салдарынан баспана бағасы қымбаттап, жергілікті тұрғындарға ауыр соғып отыр.    

Сауалнама:

- Грекияда пәтерақы тым қымбат. Ал жалақы Еуропаның өзге елдерімен салыстырғанда төмен. Сондықтан пәтер бағасы соған сәйкес болу керек.

- 780 еуро еңбекақы табатын мұғалімнің Афинының шетіндегі үйге ай сайын 500-600 еуро төлеуі деген сұмдық қой.

Жергілікті биліктің бастамасы Афины тұрғындарын қуантса, кәсіпкерлер ашулы. Өйткені «Табысымыздан айырыламыз», – дейді. Туризм – Грекия экономикасының негізгі секторының бірі. Биыл одан 22 милилард еуро түседі деген болжам бар. Туризм министрі сала өкілдері табысынан айырылып қалмау үшін «қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деп отыр.

Ольга Кефалоянни, Грекия Туризм министрі:

- Қысқа мерзімге берілетін пәтерлер қонақүй сияқты ғой. Өкінішке қарай, саланы ешкім бақыламайды. Мұны мойындау керек. Сондықтан Туризм министрлігі қауіпсіздік стандарттары мен талаптарын енгізеді.

Енді пәтерді қысқа мерзімге жалға беруге жаңа лицензиялар беруді тоқтатудан бөлек, бұрыннан лицензиясы бар үй иелері үшін салық көтеріледі. Ал баспананы ұзақ мерзімге жалға беретін азаматтарға, керісінше, салықтық жеңілдіктер жасалады. Негізі елге ағылған саяхатшылардың көптігінен Афины ғана емес, өзге өңір тұрғындарына да қиын тиіп отыр.  Сондықтан келер жылдан бастап туристер санын шектеу үшін Санторини және Миконос аралдарына круиз кемесімен келген жолаушылардан 20 еуро көлемінде алым алынады.

Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Асель Абдыхалыкова.