Түркия медициналық туризм жөнінен бесінші орында тұр

Түркия әлемдегі ең көп науқастарды қабылдайтын 5 елдің қатарында.

Шартарабы теңізбен шекаралас Анадолы жұрты, бұл саладан табысты 2030 жылға дейін 10 миллиард долларға жеткізуге ниетті. Әсіресе ем іздеп ел асып жүрген жұрт сонда шаш ектіріп, семіздік және пластикалық оталар жасатуға жиі табан тірейді.

Түркия медициналық туризмді дамытуды 2000 жылдардың басында ғана кірісті. Елде денсаулық сақтау жүйесінде ауқымда реформаларды жүзеге асырды. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік ауруханалар санын арттырып, жеке клиникаларға инвестиция құйылды. Десе де, ел 20 жылдың ішінде саладан табысын еселеп, бүгінде 2 млн-ға жуық науқасқа медициналық қызмет көрсетіп отыр. 

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- Түркия ретінде біз әлемдегі туризм тұрғысынан ең күшті әлеуетке ие елдердің біріміз. Медициналық туризм, мәдени туризм, сенім туризмі, қысқы туризм және табиғат спорты сияқты кең ауқымды салаларда мүмкіндіктеріміз мол. Дегенмен көп жылдар бойы мұны қолдана алмадық. 2008 жылдан бері бұл қате бағытты өзгертуге шешім қабылдадық. Стратегиялық салаға айналдырып, туризмді 12 айға дейін кеңейту мақсатымыз аясында тарих, иман, мәдениет, табиғат, денсаулық және гастрономия сияқты маңызды салаларда ірі реформалар жүргіздік. 

Соңғы онжылдықта Түркияның медициналық туризм секторындағы жетістіктері айтарлықтай қарқынмен өсті. 2022 жылғы елге 1,5 миллионнан артық шетелдік науқас емделуге келсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 2 миллионға жетті. Әсіресе Еуропа елдері, Таяу Шығыс, Ресей, АҚШ елдерінен келген туристер басым.

Салих Кутлук, халықаралық Анталия денсаулық туризмі және білім беру қауымдастығының кеңесшісі:

- Шашты трансплантациялау бойынша әлемде бірінші орындамыз. Соңғы жылдары бизнес тұрғысынан маңызды қадам жасадық. Бізде семіздік бойынша да жақсы көрсеткіштер бар. Бірақ, әрине, басқа аймақтарға тарату, күн тәртібінде болмаған термалды туризмді іске қосу немесе емделуші қарттардың күтімін сауықтыру туризмі ретінде бағалау сияқты басқа тармақтарды белсендірсек, бірнеше жылдың ішінде шамамен 10 миллиард долларға жетеміз деп ойлаймын. 

Отандастарымыз жиі ем іздеп Түркияға табан тірейді. Бейресми деректер бойынша 2022 жылы Анадолы жеріне шамамен 10 мыңнан астам кісі дертіне дауа іздеп барған. Олардың басым бөлігі Ыстанбұл, Анкара мен Анталиядағы ауруханаларды таңдаған.