Куба экономикасы бір жылда 5 миллиард доллар жоғалтты
АҚШ санкциялар салған Куба экономикасы күніне 13 миллион, айына 421 миллион доллар жоғалтады.
«Бостандық аралы» ақшадан ғана емес, сондай-ақ адамынан айырылып отыр.
Куба экономикасына кейінгі 1 жылдық мерзімде АҚШ санкцияларының кесірінен 5 миллиард доллар шығын келді. Бұл алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 200 миллион долларға көп. Елдің Сыртқы істер министрі америкалық шектеулер болмағанда, Бостандық аралының жалпы ішкі өнімі 8 пайызға өскен болар еді дейді.
Бруно Родригес, Кубаның Сыртқы істер министрі:
"АҚШ-тың Кубаға қарсы 2019 жылы енгізген қатаң экономикалық эмбаргосы дағдарыстың жалғыз себебі емес. Бұдан бөлек, ішкі мәселелер де жетіп-артылады. Негізі Куба Ақ үймен тең дәрежеде келіссөз жүргізуге әрқашан дайын. Бізге АҚШ үкіметінің басына демократтар келе ме әлде республикалықтар келе ме - бәрібір".
Экономикалық дағдарыс елдің демографиялық ахуалына да кері әсер етті. Кейінгі 4 жылда Куба халқы 20 пайызға қысқарған. Тіпті 2022 жылдан бері 5 тұрғынның біреуі елден кеткен.
Хуан Карлос Албизу-Кампос, экономист-демограф:
"Біздегі халық саны 2020 жылдан қысқара бастады. Содан бері 1 миллионнан астам адам шетел асқан. Құдды бір соғыс болған сияқты, бәрі бас сауғалап қашқан. Соғыс болған елдердің азаматтары қақтығыс аяқталған соң Отанына оралады ғой. Кубадан бейбіт күнде кеткендер мүлде қайтып келмейді".
2023 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының сессиясында Кубаға салынған санкцияларды алып тастауға АҚШ пен Израиль қарсы шығып, 187 мүше-мемлекет қолдаған болатын. Бірақ сонда да эмбарго әлі күнге дейін алынған жоқ.
Ернат Мелсұлы, Жәния Қарашолақова