Оңтүстік Корея жаңа реакторлар салуға кірісті
Оңтүстік Кореяның Ядролық қауіпсіздік комиссиясы Кореяның гидро және атом энергиясы бірлестігіне «Шин Хануль» атом электр станциясының үшінші және төртінші энергоблоктарын салуға рұқсат берді, деп хабарлайды 24kz.
Компания бұл нысандардың құрылысын 2032-2033 жылдарға қарай аяқтауды жоспарлап отыр. Оңтүстік Кореяның атом энергиясын дамыту жобаларын осы елдегі тілшіміз Владислав Цой зерттеп көрді.
Владислав Цой, тілші:
- «Шин Хануль» атом электр станциясының үшінші және төртінші энергоблоктарын салуға рұқсат жақында ғана берілді. Олар осы станцияның алғашқы 2 блогының жанында бой көтереді. Жаңа нысандар Оңтүстік Кореяның сулы APR-1400 ядролық реакторларымен жұмыс істейтін болады. Дәл осындай реакторлар Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Барака» атом электр станциясында қолданылады. Оңтүстік Корея егер Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданса, осы реакторларды орнатуды ұсынған.
Пэк Чу Хён, Корея Республикасының Қазақстандағы бұрынғы елшісі:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев индустрияландыруға көп мән беріп келеді. Ол тек зауыттар салу ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллектінің ұлттық зерттеу орталықтарын ашуды да қамтиды. Бұл көп электр қуатын қажет етеді. Ал оны алудың экологиялық ең таза жолы – атом энергиясы. Біз алғашқы атом электр станциямызды АҚШ-тың қолдауымен салдық. Студенттерді Америкаға оқуға жібердік. Егер Қазақстан алғашқы атом электр станциясын Оңтүстік Кореямен бірлесіп салуға шешім қабылдаса, жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз.
Президент Юн Сок Ёльдің әкімшілігі Оңтүстік Кореяда ядролық реакторлар санын көбейтіп, көмір электр станцияларын біртіндеп тоқтатуды көздеп отыр. Себебі оңтүстіккореялық сарапшылардың есептеулері бойынша атом электр станциялары көмірмен салыстырғанда атмосфераға парниктік газдарды 68 есе аз шығарады, ал электр қуатын өндіру құны көмір электр станцияларына қарағанда 17 есе төмен. Сондықтан сарапшылар «ядролық энергетика экономикалық тұрғыдан өте тиімді», дейді.
Джон Мин Хён, Корея халықаралық экономикалық саясат институтының қызметкері:
- Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуі үшін өнеркәсіптің белгілі бір секторларын, оның ішінде цифрлық саланы дамыту қажет. Бұл салаларды тұрақты және жеткілікті электр энергиясымен қамтамасыз ету маңызды. Атом энергетикасы экономикалық тұрғыдан электр қуатын өндірудің ең тиімді тәсілі болып табылады. Ал Қазақстанда оған қажетті табиғи ресурстардың мол қоры бар.
Оңтүстік Кореяның гидроэнергетика және атом компаниясы Чехиядағы жаңа атом электр станциясын салу жобасы бойынша басты үміткер деп қарастырылып отыр. Бұл мемлекет сондай-ақ Ресеймен бірлесіп Мысырда атом электр станциясын салып жатыр. Ел Президенті Юн Сок Ёльдің айтуынша, оңтүстіккореялық компаниялар 2030 жылға дейін шет елдерде 10 атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян