Әлем елдері электр көліктеріне көше бастады

Тіпті қарқын үдей түсті. Қазір кей елдерде елдің тең жартысы көлігін тоқпен зарядтайды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл қарқын төмендейтін де түрі көрінбейді. Бұлай кете берсе, ені бірер жылда жанармай және газбен жүретін көлік қалмауы әбден мүмкін. Дегенмен, бұл саланың да әзірге кем-кетігі көп.

 

АҚШ-та электр көліктерін қуаттау станциялары жиі бұзылады

Электр көлігіне қатысты қазір әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – қуаттау станцияларының жетіспеуі. Сондай-ақ зарядтау құралдары жиі бұзылады және тез жөндеу орталықтары тапшы. АҚШ-тың Калифорния штатында жүргізілген зерттеу аймақтағы жылдам қуаттағыштардың 25%-і істен шыққанын анықтаған.

Клайд Еллис, жөндеу компаниясының өкілі:

- Қуаттағыш құралдардың бұзылуына себеп көп. Адамдар соғып қиратуы мүмкін. Тіпті бұл станцияларға тиіндер, бақалар кіріп кетіп, өртенген кездер де болған. Аралар ұя салып тастайды.

Камеале Терри, жөндеу компаниясының өкілі:

- Зарядтау станциялары компьютер сияқты жұмыс істейді. Оның құрылымы жанармай құю станциясынан анамғұрлым күрделі. Әзірге қуаттау құралдарын күтіп ұстау, жөндеу бойынша тәжірибеміз аздау.

 

Антарктидада алғашқы электрлі автобус сынақтан өтті

Бұл тұрғыда Чили мамандары тіпті алысқа кетіпті. Антарктидада алғашқы электрлі автобус сынақтан өтті. Ол қазан айында пайдалануға берілмек. Экологиялық жағынан тиімді жолаушылар көлігін чилилік компания жасаған. Оған 24 жолаушы сыяды. Автобус бір жүргенде 200 шақырымға дейін жете алады.

Николас Медина Гонсалес, электрлі қозғалтқыштар инженері:

- Антарктида жеріне электр көлігінің табаны алғаш рет тиді. Автобус әуенавигация жүйесімен жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті Антарктидағы зерттеу орындарының қызметкерлерін, ғалымдар мен туристерді тасымалдау болмақ.

 

Пәкістанда 2030 жылға қарай көліктердің жартысы электрлі болады

250 млн халқы бар Пәкістан да электр көліктерін көбейтіп жатыр. Тіпті 2030 жылға қарай елдегі темір тұлпарлардың жартысы тоқпен жүрмек. Билік те, бизнес те қазірден осыған қам жасап жатыр.

Авторы: Ернат Мелсұлы