Еуропаның су тасыған аймақтарында ахуал күрделі
Еуропа елдерінде тасқыннан кейін жағдай күрделі.
Табиғи апаттан аймаққа келген шығын шаш етектен. Қазір жапа шеккен елдерде билік тасқыннан болған залал көлемін анықтап, қалпына келтіру жұмыстарын қолға алып жатыр.
Алапат тасқыннан ең көп зардап шеккен елдің бірі Польша. Мұнда табиғат апатынан 7 адам опат болды. Тағы мыңдаған тұрғын зардап шекті. Қираған ғимарат пен бүлінген үйде есеп жоқ. Қазір құтқару топтары аймақты қоқыс-қалдықтан тазалап, қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Ел билігі тасқыннан инфрақұрылымға келген шығын көлемін 900 миллион еуроға бағалап отыр. Еурокомиссия тасқын жүрген аймақтарды қалпына келтіруге бөлген 11 млрд еуроның басым бөлігі осы елге беріледі.
Грегож Украинский, ерікті:
- Қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ал мына халықтың тұратын жері жоқ. Зардап шеккен тұрғындарды әрі-бері тасып көмектесіп жүрміз. Қыс түспей тұрып, тезірек апат салдарын жоюымыз қажет. Өйткені айналып келгенде зардап шегетін тағы да халық.
Италия
Италияда тасқын кезінде ізім-қайым кеткендерді құтқару жалғасып жатыр. Кейінгі 2 күнде бригада 700-ден астам операция жүргізген. Қазір су деңгейі сәл төмендеп, тұрғындар Эмилия-Романья аймағында аумақты тазартуға кірісті. Оларға еріктілер қосылған. Италия билігі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіру үшін 20 млн еуро бөледі.
Румыния
Апаттан зардап шеккен тағы бір ел – Румыния. Мұнда алапат тасқын 7 адамның өмірін қиды. Мыңдаған тұрғын баспанасыз қалды. Қазір елдің батыс бөлігінде хергілікті халық еріктілермен бірігіп аймақты үйінділерден тазарту, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Билік өңірде тасқын салдарын жою үшін 20 млн еуро бөлмек.
Австрия
Австрияның бірнеше қаласында тұрғындар шеруге шығып, наразылық әлі басылар емес. Шеруге 15 мың адам қатысып жатыр. Олар биліктен аймақты қалпына келтіру үшін көмек көрсетуін талап етіп отыр. Үкімет шұғыл отырыс ұйымдастырып, тасқынмен күрес жұмыстарына 400 млн еуро қаражат аударатынын мәлімдеді. Сондай-ақ апат кезінде қонысынан айырылған адамдарды баспанамен қамту үшін 40 миллион еуро бөледі.
Карл Нихаммер, Австрия канцлері:
"Қолдау шарасының пакеті, алдымен апат кезінде көмек қорын ұлғайтуды қамтиды. Біз көмек қаржысын бір миллиард еуроға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша, барлық зардап шеккен адамдар мен кәсіпкерлерге, компанияларға қаржылай қолдау көрсетеміз".
Чехия
Чехияның солтүстік-шығысында тұрғындар жайма-шуақ ауа райын пайдаланып, аймақты тазалау жұмыстарына кірісіп кетті. Әсіресе, тасқыннан қатты зардап шеккен Ганушовице қаласында апат салдарын жою үшін ондаған техника мен жүк көліктері жұмылдырылған. Билік аймаққа келген шығынды шамамен 100 млрд чех кронына тең деп отыр. ЕуроОдақ көмек ретінде 2 млрд еуро бөлетінін жеткізді. Айта кетейін, Чехида табиғат апатынан 5 адам опат болды.
Әсия Нұрлыбаева