Камала Харристі қолдаушылар көбейді
АҚШ-та президенттік сайлау жақындаған сайын қос үміткердің дауыс берушілер үшін күресі қызды.
Кандидаттар халықпен көптеп кездесіп, саяси бағдарламаларын барынша дәріптеуде. Сауалнамалар демократиялық партия атынан сайсқа түскелі отырған АҚШ-тың қазіргі вице-президенті Камала Харристі қолдаушылар көбейіп, қарсыласы Дональд Трамптан озып жатқанын көрсетті. Сарапшылар Харристі әсіресе жастар көп қолдап отырғанын айтады. Зерттеу қорытындылары мен жалпы саяси ахуал туралы сол елдегі тілшіміз Талғат Алманов айтып беруге дайын.
Талғат Алманов, тілші:
- Камала Харристің аяқалысы жаман емес. NBC телеарнасының сауалнамасына сүйенсек, дауыс берушілердің 49 пайызы қазіргі вице-президентті қолдаса, 44 проценті экс-президент Дональд Трампты жақтап отыр. Демек 1.5 айдың ішінде Харрис Трамптан 5 пайыздай озып, алға шыққан. Жалпы, Харристі қолдайтындардың дені - қара нәсілділер мен жастар. Әйелдер мен жоғары білімі бар сайлаушылар да Харрис жағында. Ал Трампты қолдайтындардың басым бөлігі ақ нәсілділер, ер адамдар және орта білімі жоқ сайлаушылар дейді сарапшылар.
Егер Харрис алда келе жатса, демек оның қарашадағы сайлауда жеңіп шығу мүмкіндігі жоғары деп айтауға бола ма?
Талғат Алманов, тілші:
- Олай айту әлі ерте. Өйткені қазіргі науқанда халықтың басым бөлігі Харристі қолдап жатқанымен, оның сайлауда жеңіліп қалуы әбден мүмкін. Мәселенің барлығы АҚШ-тағы сайлау жүйесінің ерекшелігінде. Бұл елде президенттік сайлаудың қорытындысын дәстүрлі мажоритарлы жүйе бойынша емес, яғни дауыс берген халықтың санымен өлшемейді. Сайыстың нәтижесін, әр штаттың атынан дауыс беретін делегаттардың шешімі анықтайды.
Осы туралы толығырақ айтып өте аласыз ба? Ол делегаттардың саны қанша? Бұл жүйенің кемшіліктері бар ма?
Талғат Алманов, тілші:
- Делегаттардың саны штаттың халық санына пропорционалды түрде бөлінген. Бұл жүйе шағын штаттар мен үлкен штаттардың тепе-теңдігін сақтау үшін жасалған еді. Демек, халық саны үлкен штаттарға көбірек квота берілген. Ал халқы аз штаттарда олардың саны сәйкесінше азырақ. Жалпы делегаттардың саны 538 және 270 дауыс жинаған кандидат автоматты түрде келесі президент атанады. Айта кетейік, әр 10 жыл сайын, халықтың санына байланысты делегаттарға берілетін дауыстар қайта саналып, өзгеруі мүмкін. Демек, биылғы сайлауда 2010 немесе 2016 жылғы сценарий қайталануы мүмкін.