Түркі елдерінің тау курорттары одағы құрылды. LIVE
Түркі елдері арасында ынтымақтастық күн сайын нығайып келеді.
Түркияда бірнеше мемлекеттің өкілдері бас қосып, Түркі елдерінің тау курорттары одағын құрды.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Күн сайын Түркі дүниесінің қарым-қатынасының қарыштап артып отырғанына куәміз. Бұл жолы түркі елдері тау-шаңғы туризмін дамыту үшін күш біріктіріп жатыр. Түркияда Түркі елдерінің тау курорттары одағы құрылды. Аталмыш альянсқа Әзербайжанның Шахдағ, Түркияның Улудағ, Өзбекстанның Амирсой және өзіміздің «Шымбұлақ» тау курорттары кіріп отыр. Бұл демалыс орындарына жыл сайын 5 миллионнан астам қонақ табан тірейтінін айта кеткен жөн. Түркі мемлекеттері ұйымы аясында құрылған одақтың басты мақсаты – тау туризмін дамыту, серіктестікті нығайту, тәжірибе алмасу және туристерге жаңа мүмкіндіктер жасау үшін күш біріктіру. Яғни курорттар арасында туристік бағыттар белгіленіп, өңірлік және халықаралық шаралар ұйымдастырылмақ. Бастысы, түбі бір түркі жұрты арасында қысқы спорт түрлерін дәріптеу үшін бірігіп халықаралық спорттық шаралар өтпек.
Айта кеткен жөн, Одақ Түркі мемлекеттері ұйымының «Түркі әлемінің келешегі – 2040» және «2022-2026 жылдарға арналған түркі елдерінің даму стратегиясы» шеңберінде құрылып отыр.