Ливанда Израильдің шабуылдарынан 50 бала қаза тапты
Ливанда Израильдің әуе шабуылдарынан қаза тапқан балалар саны 50-ге жетті.
Бұл туралы араб елінің денсаулық сақтау министрі Фирас Абиад мәлімдеген. Жалпы құрбандар қатары 569 адамды құрады. Олардың 100-ге жуығы – әйелдер. Тағы 1835 кісі жараланған. Израиль әскерінің мәліметі бойынша көз жұмғандар арасында «Хезболла» ұйымы зымыран жүйесінің бір сардары бар.
Фирас Абиад, Ливанның денсаулық сақтау министрі:
- Ливанның оңтүстігіндегі ауруханаларға жарақат алған адамдар қаптап түсіп жатыр. Жұмыс өте қауырт. Кейбір жаралыларды басқа аймақтарға жіберуге мәжбүрміз. Көптеген тұрғын ауылдар мен қалаларды тастап, қауіпсіз жаққа кетіп жатыр. Шұғыл емес ем жүргізу ісін тоқтатып қойдық. Біздегі дәрі-дәрмек пен басқа да аса қажетті заттар қоры әрі кетсе 4 айға ғана жетеді.
«Хезболла» Израильдің барлау агенттігінің штаб-пәтерін бомбалағанын хабарлады
«Хезболла» бүгін Тель-Авив маңындағы Израильдің «Моссад» барлау агенттігінің штаб-пәтерін бомбалаған. Бұл туралы ұйым өкілдері хабарлады. Ал Израиль тарапы Ливан жақтан атқыланған бірнеше зымыранды әуеде қағып түсіргенін жеткізді. Елдің орталығында қайта-қайта дабыл ойнап жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, Израиль Ливандағы әскери операцияны 23 қыркүйекте бастаған болатын. Содан бері екі жақ та бірін-бірі зымыранмен атқылап жатыр.