Қытайда АЭС салынған өңірлердің экономикалық жағдайы көш ілгері

Қытайда атом электр станциясы салынған провинциялардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері көш ілгері.

Небәрі 10 жылда шағын шаһарлар мегаполиске айналып, елді мекендерге қала статусы берілген. 

Бүгінде Қытайдың АЭС-тері елдің шығысында көп шоғырланған. Өндіріс орындарының басым көпшілігі де осы аймақтарда. Енді көрші елдің атом электр станциялары орналасқан өңірлерінде халық қалай өмір сүріп жатыр?

Қытайдың атом энергетикасы саласының дамуы 90-жылдардан бастау алады. Қазір алпауыт елде 57 ядролық реактор бар. Алғашқы нысандар іске қосылғаннан қазіргі кезге дейін бірде-бір апат тіркелмеген. Оны мамандар қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуымен байланыстырады. Қазір Қытайдың көп жерінде үшінші буынды реакторлар жұмыс істеп тұр. Солардың бірі Ляньюньган қаласындағы Тяньвань АЭС-і.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Біз міне атом электр станциясының аумағына келдік. Бұл жерде ішке кіргізбейді екен. Дегенмен, қазір кіріп көруге тырысамыз. Қазір жоғарыдағы ең биік ғимаратына көтеріліп барынша түсірілім жасауға тырысып жатырмыз.

Ядролық станция аумағы 300 гектардан асады. Теңіздің жағалауында тұр. Іші кәдімгі шағын қалашық. Жол белгілері мен бағдаршамдар қойылған. Өзінің асхана, дүкен, дәмханасы бар. Ал тура жанында  оншақты елді мекен орналасқан. Бұл ауылдарда 146 мың адам өмір сүріп жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Жақсы көріну үшін әкімшілік ғимаратының шатырына шығып алдым. Міне арт жағымда АЭС-тің реакторларын көруге болады. Күмбез тәріздес. Алтауы қазір жұмыс істеп тұр екен. Тағы да екеуінің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ қазір мына шатырдан көрінеді. Бұл жерге елдімекендердің алыс емес. Яғни жергілікті ауыл тұрғындары алаңсыз өмір сүріп жатқандығын байқауға болады. Міне тау тұр. Бөктерінде тұрғын үйлер. Қызыл шатырлы.

АЭС салынғанға дейін жергілікті халықтың табыс көзі балық пен теңіз өнімдері болған. Бастапқыда жұрт күмәнмен қарап, қарсы болғандары да шыққан. Кейін іске қосылған соң тұрғындар жұмысқа тартылып еңбекпен қамтылды. Әсіресе білімі бар жас мамандарға сұраныс жоғары. Гуи Мяу Мяу Люхы ауылының тұрғыны. Құрылыс басталғанда ол 6 жаста болыпты. Кейін білім алып бүгінде осы АЭС-те жұмыс істейді. 

Гуи Мяу Мяу, Лиюхы ауылының тұрғыны:

- Қазір балықты үлкендер ғана аулайды. Бұған дейін балықшы болып жүрген білімі бар жастар АЭС-ке жұмысқа орналасып алды. Өйткені жалақысы жоғары. Біздің ауыл АЭС-ке ең жақын орналасқан. Осы жерде туып өскендіктен бәрі көз алдымда. Ауылда жол, жарық деген жоқ болатын. Жаңбыр жауса батпақ кешіп кететінбіз. Көліктер аз қатынайтын. Қазір міне қараңыз жол көпір салынып, көркейді. Ең бастысы жұмыссыздар азайды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Айтуынша, үйі АЭС шамамен 500 метр жерде орналасқан. Қазір көрсетейік. Мына жерден көрінетін болса. Мына жерде үйлерден көрінбей тұр. Анау жерде күмбезі ғана көрініп тұрған сияқты.

Халық алаңсыз өмір сүретіндей-ақ. Атом электр станциясында қауіпсіздік қатаң бақыланады. Станция жанында ғылымға негізделген бірнеше институт пен орталық қатар жұмыс істейді. Түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізетін мамандар да бар. Мәселен, ғылыми техникалық орталықта АЭС-тің мүмкіндіктері, тиімділігі мен қауіпсіздік жүйесі кішірейтілген макеттермен нақты көрсетілген.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазір мен Тяньвань атом электр станциясының ғылыми техникалық орталығына келдім. Қазір сіздерге АЭС-тің қабырғасын көрсеткім келіп тұр. Бұның қорғанышы 3 қабаттан тұрады екен. Ішкі қабат. Ол біріншісі брондалған темірден қапталады. Одан кейін қалыңдығы 1,2 метрлік қабырға. Ол арматурамен күшейтілген. Одан кейінгі үшінші қабаты сыртқы қабаты. Бұл да қалыңдығы бір метр болады. Арматурамен күшейтілген. Мамандардың айтуынша бұған ұшақ келіп соқтығысса да ешқандай қауіп жоқ көрінеді.

Қытайлық мамандар «Қабырғасы жер сілкісіні мен жойқын тайфундарға төтеп беретіндей есеппен салынған» деп  сенімді түрде айтып отыр. Орталықта реакторлардың жұмыс істеу жүйесі, энергия мен бу өндірісінің жобасы көрсетілген. Тіпті бөлінетін радиация деңгейі ғылыми дәлелмен келтірілген. 

Инь Шы Чи, China National Nuclear Corporation Overseas LTD компаниясының Орталық Азия бойынша өңірлік даму жөніндегі директоры:

- Радиация жоқтың қасы. Мына кестеге назар салыңызшы. АЭС-тің радиациясы 0,01 болып есептеледі. Біз күнделікті өмірде радиация алатын заттар бар. Тіпті олардың зияны АЭС-тен де жоғары жүреді. Жәй ғана тамақтан да радиация бөлінеді. Оған құрылыс материалдары, тұрғын үйлер мен ғимараттарды қосыңыз. Мәселен, ұшақпен ұшу кезінде бұдан сегіз есе көп қабылдаймыз. Рентген кезінде телефон арқылы алынатын радиация мөлшері әлдеқайда көп екендігі салыстырмалы түрде көрсетілген.

Бұдан бөлек қоршаған ортаны бақылау және мониторингілеу орталығы жұмыс істейді. Өсімдік, жануарлар, су жәндіктері, ауа мен жаңбыр құрамы күнделікті тексеріледі. Зертханада 20 адам тәулік бойы жұмыс істейді. 

Лю Сию, зертхана қызметкері:

- Бұл жерде теңіз өнімдері тексеріледі. Ауланған балық, шаян сияқты жәндіктердің уланған, уланбағандығы арнайы технологиямен зерделенеді. Көрсете йін. Алдымен кептіріп аламыз. Әбден қурап, кепкен соң өртейміз. Кейін күлін жоғары температуралы пеште 450 градусқа дейін қыздырылады. Алынған сынаманы аппаратқа салып нәтижесін компьютер шығарып береді. Шамадан тыс мөлшерде анықталған жағдайда тиісті органдарға хабарлауға міндеттіміз.

АЭС төңірегі осы сияқты бірнеше бағытта қауіпсіздік жүйемен қамтамасыз етілген. Жалпы ядролық нысанның құрылысы басталмас бұрын ғылыми түрде егжей-тегжейлі зерттеледі. Учаскенің орналасқан жері, тарихи сейсмикалық жағдайы, метеорологиялық фактор барлығы барлау арқылы анықталады. 

Иен Фын, Тяньвань АЭС-нің жоспарлау және шаруашылық басқармасының басшысы:

- Қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Пайдаланылған отынды қайта өңдеу туралы сұрадыңыз. Оның толық ғылыми-технологиялық жүйесі бар. Ұлттық ядролық қауіпсіздік басқармасы қауіпсіздік жүйесін жіті бақылаудан өткізіп бекіткен. Бұған тек Қытайда ғана емес, МАГАТЭ деңгейінде мониторинг жасалады. Атом энергетикасы - жоғары технологиялық сала. Біздің елде атом энергетикасы іске қосылған 30 жылдық тәжірибемізде бір де бір апат тіркелген емес.

Ма Ли, Тяньвань АЭС-нің 1-электр станциясының директоры:

- АЭС - бұл энергетикалық қауіпсіздік. Ядролық станция энергия бағасының ауытқуын болдырмайды. Сондай-ақ, халықаралық энергетикалық нарықтағы тұрақсыздықты реттей алады. Мәселен, Тяньвань АЭС-нің құрылысы тұтас Цзянсу провинциясының өнеркәсіптік және энергетикалық құрылымын реттеуге тиімді ықпал етті. Қытайдың шығысындағы энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Ең бастысы кешенді өндірістік кластер жасауға мүмкіндік берді.

Қытай елі 2035 жылға қарай атом энергоблоктарының санын 100-ден асырады. Қазірдің өзінде көрші елде 26 ядролық энергонысанның құрылысы жүріп жатыр. Биылдан бастап тағы 11 энергоблок салу туралы шешім қабылданды. Оның екеуі Ляньюньган қаласында салынып жатыр.

Руслан Бақытбекұлы