Израиль мен Ливанға үш апталық бітім жасасу ұсынылды

АҚШ пен Еуроодақ Израиль мен Ливан шекарасында 21 күнге оқ атпау режимін орнатуға шақырды.

Бастамаға Австралия, Канада, Франция, Германия, Жапония, Сауд Арабиясы, Бірікен Араб Әмірліктері мен Қатар қосылған. Бірлескен мәлімдемеде бұл елдер қақтығысты түбегейлі реттеу үшін дипломатиялық мәмілеге келуі керек екендігі айтылған.

АҚШ

Джо Байден, АҚШ Президенті:

«Біз Израиль мен Ливан шекарасында 21 күндік оқ атпау режимін енгізуді ұсындық. Осы тұрғыда Еуропа мен араб елдері бізге қолдау білдіріп отыр. Әскери іс-қимылдарды тоқтату маңызды».

Жан-Ноэль Барро, Францияның Сыртқы істер министрі:

«Дипломатиялық шешімге келуге әбден болады. Кейінгі кездері америкалық әріптестермен өте тығыз байланыста жұмыс істедік. Қос тарап бейбіт тұрғындардың өмірін сақтау үшін тез арада бітімге келуге тиіс».

Израиль мен Ливан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде бірін бірі айыптады

АҚШ

"Израиль Ливанмен соғысқа ұмтылып отырған жоқ." Бұл туралы осы елдің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мәлімдеді. Ливан премьер-министрі де араб мемлекеті соғысты қаламайтынын айтты. Бірақ 2 тарап та бірін-бірі айыптап, бітімге келер емес.

Дэнни Данон, Израильдің БҰҰ-дағы Елшісі:

«Хезболла» лаңкестік ұйымы қақтығысты бірінші бастады. Олар шамасы келгенше, біздің елдің шекарасына үздіксіз шабуыл жасай беретінін анық көрсетті. Біріккен Ұлттар Ұйымының қарары бойынша, Израильмен арадағы шекарада "Хезболланың" емес, Ливанның әскері тұруға тиіс. Біз қауіпті жойып, өзімізді қорғау үшін халықаралық заңнама сәйкес әрекет етеміз. Израиль соғысқа құмартып отырған жоқ».

Наджиб Микати, Ливан премьер-министрі:

«Ливан халқы соғысқа қарсы. Олар тұрақтылықты қалайды, жарқын болашақ үшін өмір сүреді. Мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесін қарқынды жұмыс істеп, Израильді Ливанның басып алған барлық жерінен әскерін алып кетуге тез арада көндіріп, күнде болып жатқан қантөгісті тоқтатуы керек деген талап қоямын. Біз сондай-ақ Израильдің Газадағы басқыншылық әрекетін тоқтату қажет деп есептейміз».