Мәскеуде зат жеткізушілер жол ережесінен тест тапсыруы мүмкін
Ресей астанасындағы барлық зат жеткізушілер жақын арада жол ережесі бойынша тест тапсыруы мүмкін.
Бастама әзірге пилотты жоба ретінде ұсынылған. Бұған жеткізуші компаниялардың өкілдері қалай қарайды?
Пилотты жоба Бірыңғай транспорт порталына енгізілген. Сұрақтар әртүрлі. Олар киіну талабы, тұтынушымен сөйлесу әдебі және жол ережелерін қамтиды. Жеткізушілердің өзі бұл тестіні біртіндеп енгізу қажет деп санайды.
Сергей Долгов, операцияларды басқару қызметінің жетекшісі:
"Бұл тест жеткізушілер санына әсер етпеуге тиіс. Әйтпесе тапсырыс беретін қарапайым адамдарға қиын болады."
Әзірге бұл тест міндетті емес. Оның үстіне көптеген компаниялар өзінің ішкі сынақтарын жасап жатыр.
Сергей Щекин, кадр бөлімінің басшысы:
"Біздің жеткізушілердің көлік жүргізу өтілі жақсы. Тәжірибелі. Біз оларды жан-жақты тексеріп аламыз жұмысқа."
Бұл азаматтың осы бизнесте жүргеніне 10 жылға жуықтап қалған. Ол әріптестерінің жол ережесін жиі бұзатынын байқайды.
Олег Домаренко, жеткізуші:
"Жаяу адамдарды өткізбейді. Жолда өзін дөрекі ұстайтындары көп. Жастар үнемі асығады да жүреді. Сағатына 110 шақырыммен қозғалады. Бұл дұрыс емес."
Жеткізушіге цифрлы профиль жасау қажет болады. Бұл талап 2025 жылдың 1 мамырынан міндетті болмақ.
Юлия Темникова, Мәскеу мэрі орынбасарының кеңесшісі:
"Жеткізушіге арналған цифрлық ID - заңды жұмыс істеу кепілдігі. Бұл бір жағынан жұмыс кезіндегі жүріс-тұрысты көріп отыруға мүмкіндік береді. Осылайша еңбек тәртібі сақталады."
Мәскеуде күніне 100 мыңнан астам зат жеткізіледі. Сондықтан жол ережесін білу маңызды дейді сарапшылар.
Ернат Қашқынов