Ғалымдар өздігінен жойылатын пластик ойлап тапты

Әлемде жыл сайын 57 млн тонна пластикалық қалдық қоқысқа тасталады.

Әсіресе жылына 10 млн тонна қалдық шығаратын Нью-Дели, Лагос, Луанда сияқты шаһарларда ластану деңгейі өте жоғары. Ал мұның алдын алудың жолы - қоқысты қайта кәдеге жарату.

Газа секторында жергілікті халық пластикті отынға айналдыра бастады. Олар қақтығыс кезінде қираған ғимараттар мен үйлерден күнделікті пластикалық қалдықтарды жинап, оны өңдеп, тәулігіне шамамен 50-60 литр жанармай өндіріп шығарады. Литрін 9 доллардан саудалауда. Палестиналықтар бұл бастаманы өздерін қажетті отынмен қамтамасыз етіп, онсыз да қақтығыс салдарынан қоқыс басқан ортаны ластамай, таза ұстау үшін жүзеге асырып отыр.

Махмуд Мослех, жергілікті тұрғын:

- Пластикалық қалдықтарды қолмен ұсақтаймыз. Жарықтың жоқтығынан барлығын солай жасауға тура келеді. Қираған үйлердің қалдықтарын жинақтап, өңдеу жұмысына қажеттісін сорттап, таңдап аламыз. Осылай күнделікті өзімізге қажетті жанармайды шығарып аламыз.

Американдық ғалымдар өздігінен жойылатын пластик ойлап тапты

Американдық ғалымдар өздігінен жойылатын пластик ойлап тапты. Бұл әдіс ең қатты пластмасса түрі полиуретанды жейтін бактерияның көмегімен жүзеге асырылады. Пластикке енгізілген зиянкес белсенді түрде полиуретанның құрылымын бұзады. Бұл оның қысқа мерзімде өздігінен ыдырауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтірмей, жаһандық ластану мәселесін шешуде маңызды қадам болуы мүмкін, - дейді мамандар.

Калифорнияда полиэтилен пакет қолдануға тыйым салынады

Ал Калифорния штатында келер жылдан бастап сауда жасау кезінде полиэтилен пакеттерін қолдануға тыйым салынады. Сауда орындарында көп реттік сөмкесі жоқ тұтынушылар үшін қағаз пакеттер ұсынылады. Билік полиэтилен сирек өңделеді, кейде тіпті, қайта өңдеуге келмейді. Жүздеген жылдар бойы ыдырап, мұхиттар мен топырақты ластайды дейді. Үкімет мұның алдын алып, қоршаған ортаға зиян келтірмеу үшін жаңа заңды қолданысқа енгізгелі отыр.

Нигерияда пластмасса қайта өңделе бастады

Нигерияда пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жаңа стартап жоба жүзеге асырыла бастады. Бастама аясында ел астанасы Лагос қаласында мамандар ай сайын шашамен 13 тонна қалдық жинап, қайта кәдеге жаратып отыр. Алдағы бірнеше айда мұның көлемін 20 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Айта кетейін, Лагоста жыл сайын 870 мың тонна пластмасса қоқысқа тасталады. Оның тек 12 %-ы қайта өңдеушілер мен тазалықшылар тарапынан жиналады. Қалғаны қоршаған ортаға зиян келтіріп отыр, дейді мамандар.

Әсия Нұрлыбаева