Үш күнде Ливаннан 27 мың адам кетіп қалған
Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Ливанның оңтүстік өңірлерінің тұрғындары өзге аймақтарға, кейбірі көрші елдерге кетіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Біразы Сирияға бас сауғалаған. Қазір өзге елдердің билігі де осы Ливанда жүрген өз азаматтарын отанына кері қайтаруға шақырып отыр.
Кейінгі үш күнде Ливаннан 27 мың адам кетіп қалған. Тең жарымы – сириялықтар. Олар кезінде Сириядағы соғыстан көрші елге қашып келген. Енді, міне, отанына кері қайтуға мәжбүр. Бұдан бөлек, ахуал ушыққалы Ливанның өз ішінде 70 мыңнан аса адам үй-жайын тастап, басқа аудандарға бас сауғалаған. Қазір олар атыс-шабыстан аман аймақтарда құрылған 533 орталықы паналап отыр.
Нассер Яссин, Ливанның қоршаған ортаны қорғау министрі:
- Қазір мемлекеттік мектептердің көбі эвакуацияланған азаматтар үшін уақытша орталыққа айналды. Атыс-шабыстан қашқан адамдар 250-ден аса білім беру мекемесінде тұрып жатыр. Біз жергілікті билікпен үнемі байланыстамыз. Ақпаратты сағат сайын жаңартып отырмыз.
Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты өзге елдердің билігі де өз азаматтарын әзірге Ливанға сапар шекпеуге шақырып отыр. Ал сонда жүргендеріне отанына кері қайтуға кеңес береді. Осындай мәлімдеме жасағандар қатарында Бельгия, Португалия, Дания, Испания, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Австралия елдері бар.
Энтони Албаниз, Австралия премьер-министрі:
- Біз мұны тек қазір емес, осымен бірнеше ай айтып жатырмыз: Ливаннан кері қайтыңыздар! Бірақ Австралия азаматтары ескертулерге құлақ асып жатқан жоқ. Біз аймақтағы ахуалдың тұрақталғанын қалаймыз. Тек Ливанда емес, Газа секторында да атыс-шабыс тоқтаса екен дейміз.
2006 жылы Израиль мен Хезболла арасындағы ахуал ушыққанда мыңдаған шетелдік Ливаннан теңіз арқылы Кипрге эвакуацияланып, ары қарай үйлеріне аттанған. Ұлыбритания билігі отандастарын елден алып шығу үшін аралға 700-ге жуық әскери қызметкерін жіберді. Мұнда корольдіктің әуе базасы орналасқан. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ливанда 10 мыңға жуық британдық азамат болуы мүмкін. Оларды эвакуациялау үшін Кипрде Ұлыбританяның екі әскери кемесі дайын тұр.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Асель Абдыхалыкова.