Қытайға шетелден баратын туристер 190%-ке артты

Туризм қарқынды дамып келе жатқан елдің бірі – Қытай. Мұнда осы салаға қатысты қабылданған бірқатар іс-шаралар оң әсер еткен, деп хабарлайды 24kz.

Елдің туристік аймақтарын көруге дүниежүзінен саяхатшылар ағыла бастады. Ал ішкі туризм бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Әсіресе жазғы демалыс уақытында демалушылар саны миллиондап емес, миллиардтап артқан.

Диктор:

- Қазір Қытайдан тілшіміз Руслан Бақытбекұлы тікелей байланысқа шықты.

- Руслан көрші елдің туризмді дамытуға бағытталған саясаты қандай? Саяхат саласының қарыштап дамуының сыры неде?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазір Қытай билігі пандемия кезінде тұралап қалған туризмді дамыту үшін түрлі амалдарға барып жатыр. Туристердің артуына ең бірінші визасыз режим тікелей әсер еткен. Жаңа саясат саяхатшыларға ыңғайлы. Шетелдіктердің Қытайға келуін әлдеқайда жеңілдетіп отыр. Бүгінде ел аумағында 144 сағаттық транзит кезінде виза рәсімдеу міндетті емес.

Бұған дейін бұл Гонконг пен Макао сияқты арнайы әкімшілік аудандарынан және Халықаралық оңтүстік-шығыс Азия елдерінің қауымдастығына кіретін мемлекеттерден келетін туристер тобына ғана қолжетімді еді. Сондай-ақ 59 мемлекеттің азаматтары еркін кіре алады. Маусым кезінде туристердің көптігі соншалық, вокзалдар мен әуежайлар лық толды. Жолаушылар тасымалы қиындады. Елдің теміржол басқармасының мәліметіне сәйкес апта сайын пойызбен 605 миллион жолаушы тасымалданған. Маусым кезінде 992 қосымша рейс ашылды. Мәдениет және туризм министрлігінің мәліметіне сай биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында 2 миллиард 725 миллион адам саяхаттады. Ішкі туризм алдыңғы жылдармен салыстырғанда 15%-ке өскен. Ал шетелдерден келетін туристер 190%-ке артты. Қытайдың шекарадан өткізу бекеттерінде өзге мемлекеттерден өткен 17 миллионнан астам адам тіркелген. Оның 52%-і визасыз режим жеңілдіктерін пайдаланған саяхатшылар. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қытайға келген әрбір шетелдік турист орта есеппен тәулігіне 484 АҚШ доллар қаражат жұмсаған. Осының арқасында туризмнен түскен табыс артты. Кейінгі 7 айда шетелдік туристер 381 миллиард АҚШ доллар жұмсаған.

Дай Бин, ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі ақпарат өңдеу орталығының директоры:

- Орта және шағын шаһарларда туристік бағыттар көбейді. Саяхатшылардың таңдау жасауына мүмкіндік артты. Шетелдіктер тек табиғатты тамашалауға ғана емес, сауда-саттық жасауға да көп келеді. Олардың дені топпен саяхаттағаннан гөрі жеке жүргенді қалайды. Биыл алғашқы жарты жылдықта туристер саны 5 есе өскен.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Айта кету керек, туристер ең көп келетін жердің бірі – Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданы. Бұл аймақта халықаралық туризмнен түскен табыс 1,77 миллиард АҚШ долларына тең. Туристердің дені аймақтың табиғаты және жергілікті халықтың мәдениетімен танысуға қызығады. Бүгінде Орталық Азия елдерінен келетін саяхатшылар да артты. Қазақстан мен шекарадағы Қорғас порты арқылы кіріп-шыққан жолаушылар саны миллионнан асты. Биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы. Осы саладағы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың арқасында Қазақстанға биыл кемінде 400 мыңға жуық турист тарту көзделген.