Оңтүстік Кореяда АЭС маңында тұратын халыққа әлеуметтік қолдау жасалған
Оңтүстік Кореяның Ульчин уезіндегі «Хануль» және «Шин Хануль» атом электр станциялары маңында халық көп тұрады, деп хабарлайды 24kz.
Жергілікті жұрт өзге өңірлерге қарағанда әлеуметтік тұрғыдан жақсы қорғалған. Адамдарға тегін үй беріліп, коммуналдық қызметтерді төлеуге жеңілдік жасалған.
Владислав Цой, тілші:
- «Хануль» және «Шин Хануль» атом электр станциялары – Оңтүстік Кореядағы ең ірі энергетикалық кешен. Ол 2018 жылы Олимпиада ойындары өткен Канвон провинциясы мен Сеулді электр қуатымен қамтамасыз етеді. Атом электр станцияларының жұмысы туралы толығырақ ақпаратты мұражайдан білуге болады. Музейде оның энергоблогының биіктігі 27 қабатқа тең күмбезбен қорғалғаны көрсетілген. Ал осы стратегиялық нысанның қабырғаларының қалыңдығы 122 сантиметр болады. Бұл тұрғын үйлердің қабырғаларынан 6 есе қалың. Мұражайда тіпті келушілерге оның осы бір тұсын түсіндіретін анимациялық фильм көрсетіледі. Онда АЭС-тің қорғаныс күмбезін тіпті Кинг Конг та бұза алмайтыны туралы айтылады.
Радиацияны өлшейтін мына жабдықты талап бойынша атом электр станцияларына жақын орналасқан елді мекендерде орнату керек. Хануль АЭС-і орналасқан Ульджин ауданында осындай құрылғылардың шамамен он шақтысы бар. Қазір ол радиация деңгейі адам денсаулығы үшін қауіпсіз екенін көрсетіп тұр.
АЭС-тің қасында орналасқан жағажайда жазда бос орын жоқ. Осында жергілікті тұрғындар демалыс күндерін өткізеді. Жергілікті балықшылар балық аулайды. АЭС жанында аулаған балықтың қауіпсіз екенін кәсіпкер Чу Вон До растайды. Оның айтуынша, оның дәмханасы 36 жылдан бері жұмыс істейді және теңіз өнімдері үнемі радиациялық тексеруден өтеді.
Чу Вон До, Ульчин уезінің тұрғыны:
- Менің тұрақты тұтынушыларым – атом станциясының қызметкерлері, олардың отбасылары және студенттер. Егер бұл жерде радиация болса ешкім тұрмас еді. Мен жыл сайын медициналық тексеруден өтемін. Менде, екі қызымда және әйелімде денсаулықпен байланысты ешқандай мәселе туындаған емес. АЭС жанында өмір сүрудің артықшылықтары – жеңілдіктер. Мысалы, студенттер шәкіртақы алады. Ал мен сияқты кәсіпкерлерге электр қуатына жеңілдіктер беріледі.
Ульчин уезінде 55 мыңнан астам тұрғын бар. Олардың әр үшіншісі – АЭС қызметкерлерінің немесе оның мердігер ұйымдарының отбасы мүшесі. Атом электр станциясының жанында АЭС қызметкерлеріне тегін берілетін пәтерлері бар көпқабатты үйлер салынған. Осындай тұрғын үй кешендерінің бірінде 57 жастағы Ким Сын Ха тұрады. Ол «Хануль» АЭС-інде нысан іске қосылған сәтінен бастап жұмыс істеп келеді. Ким елі үшін маңызды нысанда еңбек етіп жатқанын мақтан тұтады.
Ким Сын Ха, Корея гидро және атом энергетика бірлестігінің аға менеджері:
- Кореяда табиғи ресурстар жоқ. Сондықтан ол елде өндірілген тауарларды экспорттаумен табыс табады. Бұл тауарларды өндіру үшін электр энергиясы қажет. Атом электр станцияларының арқасында зауыттарға арзан электр қуаты жеткізіледі. Бұл өндіріс шығындарын төмендетіп, экспорттық бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Менің ойымша, Корей экономикасының қарыштап дамуына атом электр станциясында өндірілген электр энергиясы әсер етті.
Қазір Ульчин уезінде «Хануль» АЭС-інің 6 энергоблогы және «Шин Хануль» АЭС-інің 2 энергоблогы жұмыс істеп тұр. Осы айда Оңтүстік Кореяның Ядролық қауіпсіздік комиссиясы Кореяның гидро және атом энергетикасы корпорациясына «Шин Хануль» АЭС-інің үшінші және төртінші энергоблогтарын салуға лицензия берді. Құрылыс сегіз жылға созылады деп жоспарланып отыр. Осы уақыт ішінде 7 миллионнан астам жұмыс орны ашылмақ.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян