Оңтүстік Кореядағы оқу орындарының бірінде тоғызқұмалақ ойыны оқытылады
Коян қаласында тиісті құжатқа Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов қол қойды, деп хабарлайды 24kz.
Владислав Цой, тілші:
- Қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақ жекеменшік математика және ойындар академиясында оқытылады. Академияның директоры О Сан Хи тоғызқұмалақпен биыл танысқан. Ол және Оңтүстік Кореяның тағы үш қатысушысы осы айда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысты. Оңтүстіккореялық спортшылар алғашқы жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетті. Тоғызқұмалақтан 41 елдің командалары арасында олар 9-орынды иеленді.
О Сан Хи, Математика және ойындар академиясының директоры:
- Тоғызқұмалақ турнирінде біз сегіз елдің өкілдерімен сегіз раунд ойнадық. Басқа қатысушылардың ойыны мен жаттығуларын бақылай отырып, көп нәрсе үйрендік. Сондай-ақ тоғызқұмалақ бойынша оқу материалдарын алдық. Бұған қоса, балаларды оқытуға, мұғалімдермен зерттеу жұмыстарын жүргізуге және орталығымыздағы клубтық іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесетін онлайн-коммуникация платформаларын таптық.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Бәйменов кореялық академияға тоғызқұмалақ тақталарын сыйға тартты. Сонымен қатар осы оқу орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Әлихан Бәйменов Оңтүстік Кореяның тәжірибесін Қазақстанда да пайдаланбақ ниетте.
Әлихан Байменов, Дүниежүзілік және қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының президенті:
- Бұл кісілер жалпы ойындар арқылы математиканы да, ғылымды да, тіпті тарихты да оқытудың тәсілдерін ойлап тапқан екен. Енді сол өздерін оқу бағдарламасына тоғызқұмалақты қосып, тоғызқұмалақ арқылы балалардың қабілетін жетілдіруге жұмыс жасайды. Біздің Тоғызқұмалақ федерациясы үшін бұл өте керемет жаңалық. Жалпы біз өткенде төменгі сыныптардағы математика пәндеріне тоғызқұмалақ мысалдарын кіргізу тұралы Ағарту министерлігімен жұмыс бастағанбыз. Енді біз осы академияны да Қазақстандағы тиісті мекемелермен байланыстырып, біздің Қазақстандағы оқу бағдарламаларын да ойындар арқылы балалардың қабілетін арттыруды қолға аламыз.
Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін тоғызқұмалақтың танымалдығы артты. Қараша айының соңында Латын Америкасында осы ойын бойынша турнир өткізу жоспарланып отыр. Польша мен Канададағы интеллектуалдық ойындар порталдарында 100-ден астам елдің өкілдері тоғызқұмалақ ойнайды. Оларға кореялық академияның оқушылары да қосылмақ. Ал Корея академиясының басшысы тоғызқұмалақ туралы жергілікті мектептерде, кітапханаларда және жастар орталықтарында сабақ өткізеді.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян