Қазақстандықтар 50-ші Халықаралық Берлин марафонына қатысты

Спорт шарасына 161 елден 60 мыңға жуық адам тіркелген.

Ұйымдастырушылар биылғы межені рекордтық көрсеткіш деп отыр. Қатысушылардың дені Германиядан бөлек, АҚШ, Ұлыбритания мен Мексикадан келген. Жарыс жолына шыққандар арасында 60-тан аса мүгедектер де бар. Инклюзивті шараның сәтті өтуіне 6 мың волонтер қолғабыс жасады. 10 тонна медаль әзірленген. Алмания тарихындағы айтулы марафонда мәре сызығын кесіп өткендер арасында 60-қа жуық қазақстандық болды. Соның бірі тәжірибелі марафоншы - Ердан Бекхожин. Осымен 6-шы марафонына қатысқан отандасымыз Қазақстанда да жаппай жүгіру мәдениеті қалыптасып келе жатқанын тілге тиек етті.

Ердан Бекхожин, әуесқой марафоншы:

- Марафон дәл жарыс күнінде емес, оған дайындықты бастаған алғашқы сәттен басталады. Одан соң жарыс қашықтығын қанша сағатта аяқтасаңыз да, мәре сызығына жетуіңіздің өзі сізді марафоншы етеді. Жүгіріп келе жатып, мыңдаған адамның ортақ мақсатқа ұмтылатынына, соған бар күшін салып жатқанына куә боласыз. Бұны көргенде ерекше арқаланып, барша қатысушылармен тұтастық сезімін сезінесіз. Қазір біздің елде де жақсы марафондар ұйымдастырылып жатыр. Астанада да, Алматыда да қатыссаңыз болады. Бір топ қазақстандық марафоншылар болып, Берлинде де басымыз қосылды. Арқа-жарқа болып, тағы бір сайысты артта қалдырдық.