АҚШ-та «Хелен» дауылынан 90 адам қаза тапты

АҚШ-та ойран салған «Хелен» дауылы 90 адамның өмірін қиды, , деп хабарлайды 24kz.

Мыңдаған үй қирап, жүздеген жол бүлінген. Қазір аймақта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл іс бірнеше айға созылуы мүмкін.

АҚШ-тың бірнеше штатында тасқын салдарымен күрес жұмыстары басталды. Түнеугүні елдің оңтүстік-шығысында дүлей дауыл соғып, жағалауға жақын орналасқан бірнеше қала су астында қалған еді.

Рон Десантис, Флорида штатының губернаторы:

- Көріп тұрғаныңыздай, көптеген үй мен кәсіпорынға айтарлықтай зақым келген. Қазір біз төтенше жағдайлар қызметімен бірге зардап шеккен азаматтарға арналған уақытша орналастыру орындарын ашып жатырмыз. Бұл мәселе жақын арада толығымен шешіледі.

Ресми мәлімет бойынша табиғи апаттан 90 адам опат болған. Ондаған адам із-түзсіз кеткен. Осыған байланысты төтеншеліктер күні-түні құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда аймақта электр қуатының жоқтығы бұл істі айтарлықтай қиындатуда дейді мамандар. Дауыл салдарынан қазір 3 миллиондай үй мен кәсіпорында жарық жоқ. Кей өңірлерде жанармай тапшылығы да сезіле бастаған. Жұрт сағаттап кезекте тұруға мәжбүр.

Номи Сетлс, Флэт-Рок қаласының тұрғыны:

- Таңғы алтыдан онға дейін кезекте тұрдық. Жұрт электр қуаты әлі екі апта болмайды деп жатыр. Содан болса керек, бәрі жанармайды мейлінше көбірек сатып алуға тырысып жатыр.

Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі федералды агенттіктің дерегіне сәйкес, дауыл сумен қамту жүйелерін істен шығарған. Маңызы бар көлік жолдары бұзылған. Алдын ала есеп бойынша материалдық шығын көлемі 100 миллиард доллардан асып жығылуы мүмкін.