Еуропада Швейцария тұрғындары ұзақ өмір сүреді
Әлемде жасы 100-ден асқан адамдар көбейді.
БҰҰ-ның дерегі бойынша қазір ондай қарт кісілердің саны 722 мыңнан асады.
Мамандар 30 жылдан кейін бұл көрсеткіш 4 миллионға жуықтайтынын болжайды. Өмір сүру ұзақтығының ұлғаюына не себеп? Әлемде қарт кісілердің көбі қай өңірде тұрады?
Жапонияда 95 мың адамның жасы 100-ден асқан
Ұзақ өмір сүретіндер саны Азияда көп. Дені Жапонияда тұрады. Күншығыс елінде қазір жасы 100-ден асқан 95 мың адам бар. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Солардың 88%-і – әйелдер. Жапондықтардың ұзақ өмір сүруінің басты себебі салауатты өмір салтын ұстануында. Майлы тамақ пен тәттіні аз жеп, теңіз өнімдерін көп тұтынады. Көп қозғалады. Денсаулығына салғырт қарамай, жоспарлы тексерулерден уақытылы өтіп отырады. Содан түрлі аурулар дер кезінде анықталып, өлім көрсеткіші төмен. Бірақ сарапшылар бұл жағдай экономикаға салмақ салатынын айтады. Өйткені зейнетақы жүйесі мен медицина салаларының шығындары артады. Қарт кісілер көбейген соң еңбекке қабілетті адамдар саны азайған. Содан жұмыс күші тапшы. Сөйтіп, 2040 жылға таман Жапонияда 1 миллион жұмысшы жетіспеуі мүмкін деген күдік бар.
Ақш халқының өмір сүру ұзақтығы 30 жылға артты
АҚШ халық санағы бюросының мәліметіне сәйкес елде жасы 100-ден асқан 100 мыңнан аса азамат бар. 30 жылдан кейін олардың саны 4 есе артады деп күтіліп отыр. Сарапшылар: «Бұған жергілікті медицинаның дамуы себеп», – дейді. Содан 1900 жылмен салыстырғанда америкалықтардың өмір сүру ұзақтығы 30 жылға артқан. Бұдан бөлек, елде темекіден бас тартып жатқандар қатары көбейген. 1965 жылы тұрғындардың 42%-і шылым шексе, қазір олардың үлесі 11%-ке дейін төмендеген. Соның нәтижесінде жүрек-қан тамыры ауруларынан өлім көрсеткіші де азайған екен.
Еуропада Швейцария тұрғындары ұзақ өмір сүреді
Еуропада да қарт кісі көп. Мұнда жасы 100-ден асқан қариялардың саны 120 мыңнан асады. Былтыр мұнда орташа өмір сүру ұзақтығы 81 жас 5 айды көрсеткен. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 9 айға көп. Кәрі құрлықта әсіресе Швейцария, Лихтенштейн және Испаниядағы көрсеткіштер жоғары. Ал Болгария, Латвия мен Румынияда, керісінше, өмір сүру ұзақтығы өзгелермен салыстырғанда қысқа. Мамандар тиісті көрсеткіш өмір сүру сапасы мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына, сондай-ақ медицинадағы жетістіктерге байланысты екенін айтады. Сонымен қоса тамақтану ерекшеліктері де әсер етуі мүмкін. Өйткені, мысалы, Еуропада ең ұзақ өмір сүретін швейцариялықтар сүт тағамдарын, ал Жерорта теңізінің жағалауында тұратын Испания, Италия, Грекия тұрғындары теңіз өнімдері мен зәйтүн майын көп тұтынады. «Ал олар жүрек-қан тамырлары ауруларын азайтады», – дейді мамандар.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.