Израиль Ливандағы операциясын қысқа мерзімде аяқтауға ниетті

Израиль әскері Ливандағы құрлық операциясын өте қысқа мерзім ішінде жүргізуге ниетті.

Қарулы күштер көрші елдің оңтүстік шекарасындағы "Хезболла" ұйымының инфрақұрылымдарын ғана көздейтінін хабарлады. Сонымен қоса құрлықтағы операцияға байланысты еврей елінің әскері төрт резервтегі бригаданың мобилизациясы туралы жария етті. 

Даниэль Хагари, Израиль қорғаныс әскерінің ресми өкілі:

- Мен барлық ақпаратты жария ете алмаймын. Бірақ бір айтарым – құрлықтағы операцияны мүмкіндігінше қысқа уақытта аяқтауға тырысамыз. Ол бірнеше күн не бірнеше аптаға жалғаса ма, ол жағын айта алмаймыз. Біз Ливан астанасы Бейрутке кірмейміз. Оңтүстік Ливандағы қалаларға да тимейміз. Бар күшімізді біздің шекарамызға жақын орналасқан ауылдарға шоғырландырамыз.

Негізі Израильдің арнайы жасағы құрлықтағы операцияны бастамай тұрып, Ливанда 70 рейд жүргізген екен. Солардың аясында шекараға жақын аймақтарда «Хезболла» ұйымының қару сақталған туннельдері мен бункерлері талқандалған. Бұл туралы The Times of Israel басылымы хабарлайды.