АҚШ: Иран-Израиль қақтығысы ушықты

Таяу Шығыста жағдай ушығып кетті.

Израильдің Тель-Авив қаласындағы халық жаппай бас сауғалауға мәжбүр. «Қақтығыстың аймақтық соғысқа айналып кетпеуі Израиль мен одақтас елдердің әрекетіне байланысты», дейді мамандар. Солардың бірі әрі бірегейі АҚШ. Бүгін Байден Иранның шабуылын сынға алып, АҚШ-тың Израильді қолдайтынын тағы еске салды. Сонымен қатар, кешегі шабуылдан кейін Байден АҚШ әскери күштеріне Израиль тарапына атылған ирандық зымырандарды атып түсіруге көмек көрсетуін тапсырды.  

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Бұл Израиль мен АҚШ әскери күштерінің мүмкіндіктерін сынайтын уақыт. Сонымен қатар, АҚШ-тың Израильді толық қолайдтыны туралы да  ешқандай күмән болмасын.

Талғат Алманов, тілші:

- Израильдің мақсаты Хезболланың әскери инфрақұрылымын жою. Бірақ тура осындай нарративті олар Палестина аумағындағы Хамас әскеріне қатысты қолданған еді. Мұның арты неге әкелгенін білесіздер. 40 мыңнан астам халық опат болып, 100 мыңға жуығы жараланды. Қазіргі уақытта бұл қақтығыс аймақтық соғысқа айналып кету қаупінде тұр. Әлем елдері мен халықаралық ұйымдар соғысты тоқтатуға және мәселені дипломатия арқылы шешуге шақырып жатыр.

Жалпы АҚШ Израильдің ең басты одақтасы һәм қолдаушысы деуге болады. Осы уақытқа дейін АҚШ Израильге 150 млрд-тан астам доллар көмек көрсеткен. Бұл – Венгрия мен Кувейттің ЖІӨ-не тең келетін сома. Қаржылық және әскери көмектен бөлек, АҚШ Израильге ауқымды саяси қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде АҚШ өзінің вето құқығын 83 рет қолданған болса, соның 42-сінде Израильге қарсы қабылданған қарарларды тоқтату үшін жасалған екен. Сонымен қатар, осыдан бірнеше күн бұрын Израиль тарапы АҚШ үкіметінен $8.7 млрд көлемінде қаражат алғанын растады. Демек жағдайдың алдағы уақытта қалай жалғасатыны АҚШ-тың сыртқы саясатына да тікелей байланысты.