Оңтүстік Кореяда ит үшін өтемақы беріле бастады

Оңтүстік Корея ит етін сатуды бизнеске айналдырған кәсіпкерлерге өтемақы төлей бастады.

Үкімет орталығына өткізген бір ит үшін 452 доллар береді. Бұл –

шамамен 219 мың теңге. 

Ал Германияда түріктің дөнеріне қатысты дау туындады. Ет тағамдарына қатысты жаңалықтарды бізге Ернат Рахметолла айтып береді.

АҚШ-та қойды далада ғана емес, сондай-ақ қалада  жаю пайдалы іске айналды.

Оңтүстік Кореяда ит үшін өтемақы беріле бастады

Оңтүстік Кореяда ит етін жеуге және сатуға салынатын тыйымға байланысты кәсіпкерлерге өтемақы бере бастады. Елдің Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, бұл мақсатта 100 млрд вон бөлінген. Бұл 75 млн доллар. Ит етін жеуге және сатуға тыйым туралы заң 2027 жылдың ақпанында күшіне енеді. Яғни кесімді мерзімге 2 жарым жыл қалды. Бірақ оған дейін ит өсіретін, итін өндіретін және тұтынатын шаруалар мен мейрамхана иелері басқа кәсіпке ауысып үлгеруі керек.

Парк Беом-Су, Оңтүстік Корея Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Біз сатуға және жеуге деп әзірленген иттерді үкімет тарапынан сатып алуға тырыстық. Кейбірі табиғи жағдайда жан тапсырды. 3 жылдан кейін олардың саны біраз азаюға тиіс. Көптеген иттерді эвтаназиямен өлтіру құр қауесет, ондай біздің жоспарымызда жоқ.

Ел астанасы Сеулде Желінетін иттер қауымдастығының белсенділері шеруге шықты. Нәпақасын ит етін сатудан тауып отырған кәсіпкерлердің қазіргі өтемақыға көңілі толмайды.

Жу Иоң Боң, Оңтүстік Корея желінетін иттер қауымдастығының басшысы:

- Үкіметтің өтемақы үшін бөлген ақшасы жеткіліксіз. Ол қаржы қомақты болуға тиіс. Билік лайықты көлемде өтемақы бермейінше, біз сан ғасырлық атакәсібімізді жаппаймыз.

Германия мен Түркия арасында "Дөнер дауы" туындады

Ет демекші, дөнерге байланысты Түркия мен Германия арасында дау туды. Анадолы жұрты дөнер кебабты "түріктің ұлттық тағамы" деп танып, оны Түркияда бекітілген бірыңғай рецептімен ғана дайындау керек деген талап қойды. Бірақ ресми Берлин бұдан бас тартқан. Немістер бұл ішкі нарыққа кері әсер етеді дейді. Еуропада дөнер кебабтың сатылымы жылына шамамен 4 млрд доллар. Оның 2 млрд 300 млн Германия нарығына тиесілі. Енді дау Еурокомиссияға жетті. Халықаралық құзырлы мекеме Германия билігіне Түркиямен келісімге келіңдер, әйтпесе шешімді біз қабылдаймыз деп ескертіп, Еурокомиисия жарты жыл уақыт берген. Әлемде, тіпті Еуропаның өзінде мұндай тәжірибе бар. Мысалы, Испания хамон, ал Италия неаполитан пиццасының рецептін әлем бойынша өзі қадағалайды.

Дениз Бучхолз, кәсіпкер:

 - Адамдар Берлинді Түркиядан тысқары жердегі дөнер кебабтың отаны деп біледі. Бұл тағамды Германия астанасына 60 жыл бұрын көшіп келген адамдар әкелген. Қазір дөнер берісі неміс елінде, арысы бүкіл Еуропада танымал тамақтардың бірі. Енді жаңа ереже енгізсе, соған бейімделуімізге тура келеді.

Америкалықтар қала ішінде қой жаяды

Алыстағы Америка қойды қалада жая бастады. Елдің оңтүстігінде 700 мыңдай халқы бар Нашвилл шаһарында жүздеген қой мен ешкі қала өмірін жақсартуға үлес қосуға кірісті. Бақташылар оларды қаланың қалың шөп басқан саябақтары, көшелері мен өзендердің жағасына жаяды. Ашатұяқтылар арам шөпті жеп, артық өсімдіктен тазартады. Негізі қаланың коммуналдық қызмет орындары бей-берекет өскен желекті арнаулы техникамен шауып, энергия мен жұмыс күшін жұмсайтын.

Зах Ричардсре, қойшы:

- Осы жұмыстың арқасында шағын қой шаруашылығын қала өмірін жақсартуға арналған үлкен компанияға айналдырдық. Қойлар арамшөпті жақсы жейді. Бұл қаржы үнемдеу жағынан да, экологиялық тұрғыдан да өте тиімді.

Осындайда қазақтың "Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір" деген аталы сөзі еске түседі. Коронавирус індеті кезінде бүкіл әлем қойдың құйрығы мен жылқының етіп жеп, бие сүті мен қымызын ішіп, дертке дауа іздеп еді. Дөнер сияқты қазақтың тағамы да берісі Еуропаға, арысы әлемге танылатын күн алыс емес шығар! Лайым солай болғай!