Гудзон шығанағында ақ аюлар азайып барады

Гудзон шығанағында ақ аюлар азайып барады

"Осы адамның іс-әрекетінен ғасыр соңына таман ақ аюлар жер бетінен жойылып кетуі мүмкін", - дейді ғалымдар.

Әсіресе Гудзон шығанағы аймағындағы жағдай күрделі.

Гудзон шығанағының батыс бөлігінде 600 ақ аю мекен етеді. 40 жыл бұрын олардың саны екі есе көп болатын. Ғалымдар: «Бәріне жаһандық жылыну себеп», ­­˗  дейді. Жылдан жылға мұз әдеттегіден ерте еріп, кеш қататын болған. Содан ақ аюлар итбалықтарды жөнді аулай алмай, аш қалуда. 

Флавио Ленер, Polar bears international ұйымының бас климатологы:

- Итбалықтарды аулау үшін ақ аяюларға мұз керек. Бірақ жылдан жылға күзден көктемге дейін су бетін мұз басып тұратын уақыт аралығы қысқарып барады. Кейінгі 40 жылда ол бір айға азайған. Сондықтан жануарлардың құрлықта өткізетін уақыты артып барады. Сол аралықта олар қорексіз жүреді.

Бұл жағдай қонжықтарға да кері әсер етуде. Аш жүрген аналарының сүті азайып, аштықтан кішкентай маймақтардың шыдай алмай өліп қалуы көбейген. Ал ұрғашы аюлар май жинамағандықтан, жүкті бола алмайды.

Джефф Йорк, Polar bears international ұйымының зерттеулер бойынша директоры:

- Бұрындары Гудзон шығанағы Арктикадағы ең қауіпсіз жер саналатын. Мұнда ақ аюлардың үшемдерін көретінбіз. Бірақ кейінгі 15-16 жылда ондай байқалмайды. Осыдан 3-4 жыл бұрын үшем туылғаны туралы естігем. Бірақ өз көзіммен көрмедім. Демек олар қонжық кезінде өліп кеткен болуы мүмкін.

 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева