Иран әлемдік мұнай нарығында дүрбелең тудырды
Иран – ірі мұнай өндіруші. Ол күніне шамамен 3 млн баррель "қара алтын" шығарады.
Бұл – әлемдік мұнай өндірісінің 3%. Бұдан бөлек, ресми Тегеранның Ормуз бұғазындағы жүріс-тұрысқа ықпалы орасан. Аталған су айдыны арқылы әлемдік мұнай саудасының 30% тасымалдайтын "қара алтын" және газ танкерлері өтеді. Олар күніне 20 млн баррель мұнайдың жеткізілуін қамтамасыз етеді. Сауд Арабиясы, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт пен Қатар сияқты басқа ірі өндірушілер Ормуз бұғазына қатты тәуелді. Еуропадағы ірі консалтиң компания – Capital Economics мұнай бағасының баррелі 100 долларға дейін қымбаттауы мүмкін деп болжайды.
Нууан Гунетиллеке, Phoenix group компаниясы капитал нарығы бөлімінің басшысы:
- Негізі Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісіп жатқанына 12 айдан асты. Бірақ кейінгі кезде қақтығыс тіптен ушығып барады. Жанжалға аймақтағы алпауыт күш Иран араласа бастады. Парсы елінің әлемдік нарыққа әсері күшті болатыны сөзсіз.
Иранның қақтығысқа араласуы инвесторларды да шошытты
Иранның Израильге шабуылды бастауы инвесторларды да қатты алаңдатып жатыр. АҚШ-тағы бағалы қағаздардың құны төмендеді. Жоғары технологиялық компаниялардың акцияларына негізделген NASDAQ пайдасы 1%-тен астам көрсеткішке азайған. S&P 500 қор индексі 0,93 пайыз пайызға құлдырады. "Доу Джонс" өнеркәсіптік индексі 0,41% жоғалтты.
Роб Хауорт, инвестиция бойынша аға стратег:
- Иранның Израиль аумағын зымыранмен атқылауы инвесторларды ойландырып қойды. Қақтығыс қанша уақытқа созылады? Жанжалға тағы кімдер араласады? Мұнай бағасына әрі қарай да әсер ете бере ме? Инвесторларда осындай сұрақтар өте көп. Әзірге бұл сауалдарға жауап беру қиын. Бәрі Таяу Шығыстағы қақтығыс барысын және әлемдік нарықты бақылап отыр.
Израиль Иранның мұнай нысандарына шабуыл жасайды
Түрлі өнеркәсіп саласындағы инвесторлар да, мұнай өндірушілер де белгісіздікке душар болды. Иран шабуылға кірісті. Ендігі қауіп - оған Израильдің қарымта қайтаруы. Әлемдік ақпарат құралдарында және халықаралық сарапшылардың аузында "Енді Израиль Иранның мұнай өндіретін нысандарына әуе соққысын жасайды" деген мәлімет қайта-қайта айтылып жатыр. Бұл қатарда парсы елінің газ және мұнай мұнара қондырғылары мен қоймалары бар.
Сара Вакшури, энергетика бойынша халықаралық сарапшы:
- Келесі соққылар нақты қай жерге жасалатыны әзірге белгісіз. Энергетика нысандары мен инфрақұрылымы шабуылға ұшырауы мүмкін. Мұнай бағасының қаншалықты өсетіні соққылардың салдарына және әлемдік нарықтағы "қара алтынның" қандай көлемде азаятынына байланысты.
Иран халқы үрей құшағында
Иран сырт әлемге ғана әсер етіп отырған жоқ. Елдің ішінде де аласапыран. Израиль мұнай нысандарына шабуыл жасайды деген ақпарат тарағалы жергілікті тұрғындар жаппай жанармай құю бекеттеріне ағылды. Қазір ол жерлерде ұзын-сонар кезек.
Бұл апта әлемдік мұнай нарығы үшін маңызды болғалы тұр. ОПЕК+-ке мүше елдердің Энергетика министрлерінің мониторинг комитеті кездесу өткізді. Олар шілде және тамыздағы мұнай өндіру көлемін қарап, ол күніне 1,8 млн баррельден аспағанын растады. Кездесуге жиналғандар осы межені әлі де сақтау керек деген ұйғарымға келген. Келесі бас қосу 1 желтоқсанға белгіленді.