ЕҚЫҰ аясында Қазақстанның адам саудасына қарсы күресі жоғары бағаланды
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында Қазақстанның адам саудасына қарсы күресі мен әкімшілік-құқықтық реформалары жоғары бағаланды, деп хабарлайды 24kz.
Президент бастамасымен қолға алынған заң жобалары бүкіл әлем бойынша өзекті болып отырған адам құқықтарына қатысты біршама мәселенің шешімін тауып, құрбандарға көмектесу бойынша жұмысты жеделтетіп отыр.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы елімізге жақсы таныс халықаралық беделді құрылым. Осыдан 14 жыл бұрын Қазақстан ТМД мен Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып бірлестікке төрағалық етті. Саммит өткізіп, Астана декларациясын қабылдады. Құжатта көрсетілген бірыңғай қауіпсіздік кеңістігі мен адам саудасы мәселесі қазіргі аумалы төкпелі заманда тіптен өзекті болып отыр. Мысалы 2022 жылы әлем бойынша 30 млн-ға жуық азамат адам саудасы арқылы мәжбүрлі еңбек пен жезөкшеліктің құрбаны болған. Варшавадағы Адами өлшем конференциясында Қазақстан делегациясы сөз сөйлеп, ұйымға мүше елдермен тәжірибесін бөлісті.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Президентіміздің бастамасымен адам саудасына қарсы қабылданып жатқан заңдарды шетелдік сарапшылар жоғары бағалап отыр. Осы заңдар мәселеге жүйелі және жанжақты қарауда, барлық құзырлы мемлекеттік органдарды тартуда аса маңызды болып отыр. БҰҰ-ның Палермо қағидаларына сай келетін нормативті құжаттарымызды қазір енгізіп, сәтті жүзеге асырып жатырмыз. Бұл мәжбүрлі түрде құлдық пен жезөкшелікке салу, дене мүшелерінің саудасын жасау, қайыршылық сияқты мәселелерді шешуге зор көмегін тигізіп келеді.
Мәжіліс депутаты мәселені ушықтырып отырған интернеттегі жүгенсіз кеткен жарнаманың да заңмен құрықталуының маңыздылығын алға тартты. Бұдан бөлек Қазақстан тарапы елдегі сот жүйесіндегі жаңалықтарын ортаға салды. Неміс әділет жүйесіндегі әкімшілік сот жобасының Қазақстанда сәтті жүзеге асуы да шетелдік әріптестердің жоғары бағасын алды.
Айым Шаяхметова, Астана қаласының Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:
- Халықаралық сарапшылар еліміздің әкімшілік юстициясында болып жатқан сот-құқықтық реформаларды ерекше бағалап отыр. Қазақстанда әкімшілік соттардың жұмысы жүріп жатқанына, міне, 3 жыл болды. Бұл мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтар арасындағы сот жұмыстарына жауапты. Жоғарғы соттың статистикасына сәйкес, дәл осы әкімшілік юстиция соттарының 60%-і қарапайым азаматтардың пайдасына шешіледі. Бұл модельді біз Германиядан қабылдадық.
Аталған заң жобаларының ауқымы әлі де ұлғаятыны сөзсіз. «Әділетті Қазақстан» құру жолында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен серіктестіктің маңызы зор.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан