Мальдив аралдары ауызсуға зәру
Халық санының өсуі мен климаттың өзгерісі әлемде ауызсу тапшылығын туғызды.
Сарапшылар бұл ғаламдық геосаяси тартыстың жаңа құралына айнала ма деп қауіптенеді. Иә, бұл – өте өзекті жайт. Былай қарасақ, әлемде су көп болып көрінеді. Бірақ ішуге жарамайды. Жер шарындағы су қорының тек 2% қана ауызсуға жатады.
Әлемге әйгілі Мальдив тұрғындары климат өзгерісінің зардабын қазірден тартып отыр. Аралдарда тұщы су нөмірі бірінші мәселеге айналған. Жұрт жаңбыр суын ішіп жүр. Обалы не керек, үкімет суды тұздан айыратын бірнеше зауыт салған. Бірақ бұл өте қымбатқа түсетін жобалар. Онсыз да жері аз Мальдивтегі бір зауыт 90 шаршы шақырым аумақты алады. Қазір алпауыт елдер Мальдивке ықпал ету үшін өзара бақталас. Қытай 1500 тонна таза су берсе, Үндістан одан асырып, 2 мың тонна ауызсу жеткізіп отыр.
Нафф Ашим, эколог:
- Есепсіз байлық пен асқан сұлулықтың символы болып келген мұхиттар енді өлім дәнін себуде. Қазірдің өзінде біздің Мальдив аралдарында ауызсу жетіспейді. Таза жерасты сулары өте шектеулі. Ауызсу тапшылығы – ғаламдық мәселе. Оны шешу үшін ғаламдық амал-әрекет қажет.
Мальдив аралдарындағы су деңгейі өте төмен. 1 жарым метрден аспайды. Бірақ бұл уақытша құбылыс екен. Мамандар: «2050 жылға қарай су деңгейі 59 сантиметрге дейін артып, Мальдив аралдарының 80% су астында қалады», –дейді. Осылайша, ХХІ ғасырдың аяғына дейін атақты курортты аймақ - Мальдив мүлде жойылады деген қауіп басым.
АҚШ-та 23 млн отбасы құдықтан су ішеді
Аузын айға білеген АҚШ-та 23 млн отбасы суды құдықтан алып ішеді. Әрі бұл нысандар жекеменшіктің қолында. Бұл мәселе Америкалық химия қоғамының ғылыми-техникалық журналында жарияланған мақалада көтерілді. Арнаулы зерттеу ауылдық жердегі 22 мың отбасы арасында жүргізілген. Бірақ аталған 23 млн отбасының 40% ішіп отырған судың сапасын мүлде тексермейді және ешқандай сүзгіш құралдан өткізбейді екен.
Габриел Ладе, зерттеу тобының жетекшісі, профессор:
- Ауыл шаруалшылығы АҚШ-тағы жер бетіндегі және жер астындағы су көздерін ең қатты ластап жатқан салалардың бірі. Сондықтан құдықтағы суда нитрат көп мөлшерде кездеседі. Ол қан жасушаларының оттегі тасымалдау қабілетін тежейді. Мұның соңы нәрестелердің өліміне әкеледі. Денесіндегі қажетті оттегі мөлшерін сіңіре алмаған сәбидің денесі көгеріп кетеді, жан тәсілім етеді.
Әлемде суды тұщыту генераторларына сұраныс жоғары
Әлемде суды тұщыту генераторларына сұраныс өте жоғары. Былтыр сатылған құралдардың жиынтық бағасы 203 млн долларға жеткен. Ал 2032 жылға қарай сұраныс көлемі шамамен 7% артпақ. Сонда суды тұщыландыратын генераторлардың ғаламдық нарығы 400 млн долларға жуықтайды деген сөз. Дегенмен сүзіп алынған тұз қазір қайтадан жерасты суына немесе су айдындарына жіберіліп жатыр екен. Ал бұл экожүйе үшін өте қауіпті деп ескертеді мамандар.
"Су - тіршілік көзі" деп бекер айтылмаса керек. Сарапшылар: «Ауызсудың тапшылығын әсіресе Оңтүстік Азия елдері тартып отыр», – дейді. Бұл аймақта 347 млн бала таза суға мұқтаж.