АҚШ пен Израиль Иранға жауап қайтаруды жоспарлап отыр. LIVE

Иранның шабуылынан кейін АҚШ пен Израиль қарымта соққы жасауды жоспарлауға кірісті.

Израильдің жергілікті ақпарат көздері Иранның ядролық нысандарына да шабуыл жасалуы мүмкін дегенді айтып жатыр.

Осы орайда АҚШ-тың позициясы қандай және Иранға жасалған шабуыл әлемдік мұнай бағасына қаншалықты әсер етеді?

Иран алып мұнай өндіруші мемлекет. Егер АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл жасаса, мұнайдың бағасы қаншалықты өзгереді? Мұнай нысандарына шабуылдан кейін Израильден нені күтуге болады?

Талғат Алманов, тілші:

- Джо Байден Вашингтонның ресми ұстанымын нақты айтқан жоқ.  Журналистермен кездесуде жүргізіліп жатқан келіссөздер АҚШ-тағы ресми өкілдердің арасында болып жатқаны туралы, әлде тікелей Израильмен сөйлесіп жатқаны туралы нақты жауап берген жоқ. Тіпті Израильдің жасамақ шабуылына қатысты да өз пікірін ашып айтқан жоқ. Бұған дейін ол Израильдің Ирандағы ядролық нысандарға соққы беруін қолдамайтынын мәлімдесе де, бүгін АҚШ-тың Израильмен бірге Иранның мұнай инфрақұрылымына соққы жасауы мүмкін дегенді айтып қалды. Бұл қақтығыста АҚШ-тың рөлі өте маңызды. Себебі Израильдің негізгі доноры, әрі қолдаушысы – АҚШ. Өткен айдың өзінде Израиль одақтас елден 8.7 млрд АҚШ долларын алғанын растады.

Иран - алып мұнай өндіруші мемлекет. Егер АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл жасаса, мұнайдың бағасы қаншалықты өзгереді?

Байденнің бұл сөзінен кейін Brent маркалы мұнай бағасы бірден 5%-ға өсті. Ал сейсенбідегі шабуылдан кейін қара алтын құны 10%-ға көтерілді. Бұл өте үлкен өзгеріс. Жалпы, Иран - ОПЕК мүшесі және тәулігіне шамамен 3,2 миллион баррель өндіреді. Бұл әлемдік өндірістің 3%-ын құрайды. Егер Израиль Иранның мұнай индустриясына соққы берсе, оның бағасы өзгерері сөзсіз. Бірақ соңғы жылдары Иранның жаһандық мұнай өндірудегі рөлі бұрынғыдай емес. Себебі соңғы 15-20 жылда  АҚШ, Бразилия және өзге де елдер мұнай өндірісін арттырып, оны әртараптандырды. Бұрынғыдай Парсы шығанағы арқылы өтетін шикізат Тегеранға тәуелді емес. Оны ОПЕК те растап отыр.

Израильдік БАҚ жергілікті шенеуніктерге сілтеме жасай отырып, Израиль алдымен Иранның мұнай нысандарына соққы беруді көздеп отырғанын айтып жатыр. Егер Иран жауап қайтарса, Израиль оның ядролық нысандарына соққы беруді жоспарлап отыр деді. Ал бұл тұтас аймақ үшін тіпті қауіпті болуы мүмкін.