Мажарстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұрған АЭС
Бірер күнде елде Атом электр станциясын салу жөнінде референдум өтеді. Осы орайда АЭС-ті қолдану тәжірибелері жайында көптеген ақпараттар айтылды.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Мен Мажарстанның энергетикалық жүрегі саналатын «Пакш» Атом электр станциясы жанында тұрмын. Бұл жер Мажарстанның жартысын жарықтандырып қана қоймай, жергілікті қоғамға тұрақты жұмыс орындары мен даму әкеледі. Бүгін біз АЭС-тің қалай жұмыс істейтінін және оның жергілікті тұрғындарға қалай әсер ететінін көреміз.
Қырық жылдан астам уақыт бойы атом энергетикасы Мажарстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі құралы болды. Қазіргі уақытта елде өндірілетін барлық энергияның 50% және тұтынылатын энергияның үштен бірін өндіретін төрт «VVER-400» реакторы жұмыс істейді.
Янош Шули, ПАКШ Атом электр станциясын кеңейту жөніндегі бұрынғы министр:
- Мажарстанда 1982-1987 жылдары төрт реактор іске қосылды. Бұл төрт энергоблок Мажарстанның электр энергиясы өндірісінің 50%-ын, яғни ішкі тұтынудың 35-36%-ын құрайды. Елімізде қайта индустрияландыру процесі жүріп жатыр. Электр энергиясына деген сұраныс үнемі өсіп келеді. Оның үстіне елде келер жылдары электр энергиясын тұтыну артады деген болжам бар. Сондықтан алдағы уақытта оның жұмыс істеу мерзімін одан әрі ұзартуымыз керек.
Мажарстан шағын ел болғандықтан табиғи энергия ресурстары шектеулі. Осы себепті шет мемлекеттерден энергия импорттауға тәуелді. Ал елдің атом электр станцияларын (АЭС) таңдауына бірнеше маңызды факторлар әсер еткен. Бұл шешім энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық тиімділік, климаттық мақсаттарға қол жеткізу және сыртқы тәуелділікті азайту қажеттілігімен тікелей байланысты.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Пакш қаласы – Атом электр станциясымен тығыз байланысты. Мұндағы әрбір отбасының кем дегенде бір мүшесі АЭС-те жұмыс істейді немесе оның қызметімен тікелей байланысты. Станция жергілікті халық үшін тек жұмыс орны ғана емес, қала инфрақұрылымын жақсартудың, білім беру және денсаулық сақтау салаларының дамуының қозғаушы күші. Жергілікті тұрғындар АЭС-ке сеніммен қарайды, өйткені ол олардың тұрақты өмір сүруіне негіз болған.
Атом электр станциясы Пакш тұрғындарының өмірлік кәсібін таңдауына тікелей әсер етті. Қазіргі қала мэрінің орынбасары Ференц Лебердің де атом инженері болуына кезінде осы станция құрылысының басталуы түрткі болыпты.
Ференц Лебер, Пакш қаласы мэрінің орынбасары:
- Пакш осыдан 50-60 жыл бұрын көбіне балықшылар мен шаруалар тұратын мекен еді. Осы біздің тұрған жерімізде жүзім мен жүгері егілетін. Қазір қала келбеті өзгеріп, тұрғындары еселеп өскен. Өзім АЭС құрылысы басталған уақытта мектепте электрші мамандығында оқыдым. Сосын атом инженері болу үшін Мәскеу университетіне түстім. Туған жерге келіп көп жылдар бойы АЭС-те қызмет атқардым. Қазір мэрдің орынбасарымын.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Пакш АЭС-і Дунай өзенінің суын суыту жүйелері үшін пайдаланады, бірақ қоршаған ортаға тигізер әсері мұқият бақыланады. Судың сапасы мен өзен экожүйесінің жағдайы үнемі тексеріліп тұрады. Бұл станция экология мен энергия өндірісі арасындағы үйлесімді сақтай отырып, табиғи ресурстарды тиімді қолданудың үлгісі саналады. Ал Дунай өзені кәрі құрлықтың бірқатар елін бойлай ағып жатыр. Ол мемлекеттер Германия, Австрия, Словакия, Венгрия, Хорватия, Сербия, Болгария, Румыния, Украина және Молдавия. Сондықтан судың тазалығы мен қауіпсіздігін сақтау олардың ұдайы назарында.
Золт Харфаш, инженер-энергетик:
- Атом электр станцияларында қауіпсіздік бірінші орында. Бұл экологиялық қауіпсіздікпен де тікелей байланысты. Станция Дунай суымен салқындатылады. Қуат блоктарын салқындатқаннан кейін бұл су қайтадан өзенге құйылады. Қоршаған ортаға кері әсері болған емес.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Мен қазір Дунай өзенінен ауланған балықтан дәм татамын. Айта кету керек ПАКШ Атом электр станциясының төрт реакторы тап осы өзенде суытылады. Ал кәне дәмін көрейін. Хмм, меніңше ешқандай айырмашылық жоқ. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі бұл асханада тек балыққа тапсырыс береді екен.
Балинт Винс Пакш Атом электр станциясының ақпараттық орталығында типограф болып жұмыс істейді. Ол бос уақытында фотосуретпен айналысады. Атом электр станцияларының маңындағы өсімдіктер мен жануарлар әлемін суретке түсіруді ұнатады.
Балинт Винс, типограф:
- АЭС маңындағы табиғаттың әсем де ғажайып екенін көп ешкім біле бермейді. Адамдар менің фотосуреттерім арқылы оның жануарлар мен өсімдіктерге бай керемет табиғатын көріп кейде таңғалады. Бірақ сарапшылар, экологтар және басқа да мамандар ядролық энергия табиғатты сол қалпында сақтауға мүмкіндік беретінін растайды.
Мажарстанда 40 жыл бұрын іске қосылған ПАКШ-1 АЭС-і әлі күнге дейін тұрақты энергия өндіріп келеді. Енді мемлекетте Пакш-2 жобасының бірінші реакторын 2025 жылы іске қосу жоспарланған, ал екінші реакторды 2030 жылы ашу көзделіп отыр. Бұл екі жаңа реактор Пакш атом электр станциясының қуатын арттырып, Мажарстанның энергетикалық қажеттіліктерін толық өтеуге мүмкіндік береді дейді жергілікті билік өкілдері.
Авторы: Меруерт Қанағат