Босния және Герцеговинада тасқыннан 19 адам қаза тапты
Босния және Герцеговинада толассыз жауған нөсер соңы су тасқынына ұласып, 19 адам көз жұмды, деп хабарлайды 24kz.
Табиғат апатынан елдің орталық және оңтүстік өңірлері зардап шекті. Бүлінген үй мен көлікте есеп жоқ. Ябланица қаласындағы жағдай күрделі. Мұнда баратын жолдарды су шайып кетіп, қатынау мүмкін болмай тұр. Тұрғындар жарық пен байланыссыз қалған. Құтқару операциясына әскерилер тартылған. Билік еріктілерді атсалысуға шақырды. Көрші Сербия мен Хорватия көмек қолын созуға әзір екендерін жеткізді.
Амир Хамзич, Жергілікті тұрғын:
- Кейінгі 50 жылда мұндай алапат тасқынды алғаш көруім. Қаншама үй бүлінді. Жарайды, жолды, үйді, бақшаны қалпына келтіруге болады. Опат болған адамдар қайтып келмейді ғой. Өкінішті. Тасқыннан кейін әріптестерім жоғалып кетті. Аман-есен тезірек табылса екен деп іштей тілеп отырмын.