Шетелдегі ең ірі дауыс беру учаскесі Түркияда орналасқан
Түркиядағы референдум учаскелерінің жұмысы қызу жалғасуда, деп хабарлайды 24kz.
Түркияда дауыс беру үрдісі қалай өтіп жатыр?
Шетелдегі ең ірі дауыс беру учаскесі Түркияда орналасқан
Меруерт Қанағат, тілші:
- Мен қазір Анкарадағы №418 референдум учаскесінде тұрмын. Таңғы 7:00-ден бері Елшілікке келіп дауыс беріп жатқан адамдардың қарасы қалың. Жексенбі күніне қарамастан дауыс берушілердің белсенділігіі жоғары. Әсіресе жастар. Мұнда Анкарадан ғана емес, өзге 20 қаладан арнайы келгендер де баршылық. Бәрі де арнайы дайындалған. Бірі қазақ батыры секілді келсе, екіншісі ұлттық домбырамызбен аяқ тіреді. Елшілік те басқа қаладан келген қаракөз жастарымызға ыстық бауырсақ, тамақ пен тәтті дайындап қойыпты. Жастарымыздың белсенділігі қуантады, әрине.
Бекзат Бекболат, магистрант
- Түркияға келгеніме 5 жыл болды. 5 жылдан бері қандай науқан болмасын келіп, қатысамын. Пандемия кезінде де, бүгін де келіп отырмын. Өйткені елімнің болашағы үшін өз дауысымның маңызды екенін бәлемін.
Нұрлым Түкішбаева, студент:
- Осында келіп, дауыс бергеніміздің өзі Қазақстанның демократиялық мемлекет екенін паш етіп отыр.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Жалпы Түркияда үш референдум учаскесі бар. Олар Анкара, Ыстанбұл мен Анталия қалаларында орналасқан. Шамамен үш мыңнан астам азамат тіркелген.
Учаске жұмысы барлық талапқа сай ұйымдастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да бар жағдай жасалған. Тіпті отбасымен келіп, дауыс беріп жатқандар да бар.