Шетелдердегі Қазақстан азаматтары белсенді дауыс беруде
Консулдық есеп бойынша Өзбекстанда тұрақты тұратын және уақытша жүрген 600 Қазақстан азаматы бар, деп хабарлайды 24kz.
Референдум учаскесінің төрағасы Жаслан Искаковтың айтуынша, мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйде таңдау жасауы үшін дауыс беру жәшіктерін жеткізетін топтар да жасақталған. Дегенмен әзірге мұндай қызметке сұраныс түскен жоқ. Таң атқалы таңдау жасаған азаматтардың ішінде еліміздің белгілі спортшылары да бар. Олар Өзбекстандағы халықаралық турнирде бақ сынап жатыр. Байрақты бәсеке еліміз үшін айтулы оқиғамен тұспа-тұс келгендіктен, бұрымды спортшыларымыз көпшілікпен бірге таңдау жасауды жөн көрген.
Мадина Мырзамсейітова, гандболдан Астана құрамасының мүшесі:
- Біз осында 13 адам келдік. Бапкеріміз бар. Директор бар. Осында референдумда дауыс беруге келдік. Бұл елге келуіміздің себебі – Өзбекстанның тәуелсіздік кубогына қатысып жатырмыз. Сондықтан осы жарыспен тұспа-тұс келген референдумда дауыс бердік.
Араб Әмірліктеріндегі қазақстандықтар дауыс беріп жатыр
Біріккен Араб Әмірліктерінде екі дауыс беру учаскесі ашылған. Бірі Дубайда орналасқан. Мұнда ресми түрде 350-дей адам тіркелген. Әмірліктерде өмір сүретін отандастарымыз бұл референдумға үлкен мән беріп отыр. Дауыс берушілер шешім жасауға халықтың тікелей қатысуы елдің демократиялық ұстанымдарының нығайғанын көрсететін айтты.
Даурен Досжанов, №406 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:
- Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында Абу-Даби қаласында және Дубай қаласында екі участок қызмет атқарып жатыр. Әр учаскеде 5 комиссия мүшесі қызмет атқарып, барлық азаматтардың, Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық борыштарын жүзеге асыруына ықпал етіп жатыр.
Айдар Шөкенов, Дубай тұрғыны:
- Болашақта мемлекеттен: «Мемлекет мен үшін не істеді?» деп сұрамас бұрын, алдымен өзімізге: «Мен науқанға қатысып, өз дауысымды бердім бе?» деген сұрақ қоюымыз керек. Бұл – менің азаматтық ұстанымым.
Еуропадағы отандастарымыз дауыс беріп жатыр
Еуропадағы отандастарымыз да дауыс беріп жатыр. Брюссельдегі біздің елшілік ғимаратына Бельгия мен Люксембургте тұратын отандастарымыз келуде. Мұнда халықаралық және еуропалық ұйымдарда қызмет ететін қазақстандықтар тұрады. Білім алып жатқан студенттеріміз бен дипломаттар да баршылық.