Қазақстандықтар Гаагадағы референдум учаскесінде дауыс беріп жатыр

Нидерландтағы қазақстандықтар Гаага қаласындағы референдум учаскесінде дауыс беріп жатыр.

Комиссия мүшелері отандастарымыздың белсенділігі жоғары дейді. 414-ші учаске жергілікті уақыт бойынша таңғы 7-де еліміздің елшілік ғимаратында ашылды. Қазіргі сәтке дейін тіркелген азаматтардың 30 пайызы дауыс беріп үлгерген. Олардың арасында Корольдікте оқып жатқан қазақстандық студенттер, халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін отандастарымыз, дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері бар. Референдумда дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.  

Гүлнар Бижуманова, дауыс беруші:

- Менің осында балаларым тұрып жатыр. Соларға қонаққа келіп отырмыз. Қазақстан Елшілігі осында болғаннан кейін, референдумға Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс беруге келіп отырмын.

Әнуар Аязбеков, дауыс беруші:

- Учаскеге келіп, дауыс беру – менің азаматтық парызым. Екінші жағынан, мен үшін референдум сияқты демократиялық іс-шараға тікелей қатысу және куә болу да қызық.