ЕҚЫҰ конференциясында Қазақстанның БАҚ саласындағы реформалар талқыланды

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Варшавадағы Адами өлшемдер конференциясында Қазақстанның БАҚ саласындағы реформалары талқыланды.

Сөз бостандығы, ақпараттың қолжетімділігі, медиа сауат және жалған ақпаратқа қарсы күрес мәселелері сөз болды. Жиында іскерлік және азаматтық қоғам өкілдері өз пікірлерін ортаға салды. 57 елдің мемлекеттік өкілі баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша тәжірибе бөлісті. Қазақстан атынан «Қазақстан медиа альянсының» атқарушы директоры Қанат Сахариянов сөз сөйледі. Ақпарат саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолында «Масс-медиа туралы» заңның қалай жүзеге асатынын таныстырып, кейстерді мысалға келтірді. Суицид тақырыбында ақпарат тарату, БАҚ өкілдерінің еркін қызметі және олардың ресми органдардан жылдам ақпарат алу жолдары шетелдік әріптестердің назарын аударды.

Қанат Сахариянов, «Қазақстан медиа альянсының» атқарушы директоры, «Atameken business» медиа холдингі бас директоры:

- Суицид оқиғасының жай-жапсарын ашып жазу, өлім алдындағы хатты көрсету психологиялық әлсіз топтарға кері әсер етуі мүмкін. Бұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, социологтар мен психологтар да дабыл қағып ескертіп отыр. Біздің «Масс-медиа туралы» заңымыздың 11-бабында «өз-өзіне қол салу» тақырыбында ақпарат таратудың жоғары жауапкершілігі анық көрсетілген. Қазір бұл аса өзекті тақырып болып отыр. Сондай-ақ, осы жаңа заң аясында журналист жұмысының еркіндігін қамтамасыз ету бойынша реформаларға да тоқталып өттік. Мысалы, сот бойынша журналиске талап қоюдың ескіру мерзімі бір жылға қысқартылды. Бул медиа қызметкерлердің қуғындалуының алдын алады. Әрі ресми органдардың БАҚ өкілдеріне ақпарат беру уақыты 7 күннен 5 күнге қысқарды. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысын жылдамдатып қана қоймай, ақпараттың қолжетіміділігін арттырады.