АҚШ-та шенеунікке берілген сыйлық мемлекеттік мұрағатқа өтеді
Әлемнің 180 елі бойынша сыбайлас жемқорлық деңгейін өлшейтін арнайы индекс бар. Бұл – Халықаралық Transparency International ұйымы.
Ұйымның бағалауы бойынша әлемнің 122 мемлекетінде жемқорлық белең алған. Тек 58 мемлекет қана коррупциямен күресіп келеді. Жемқорлықты жеңген ел жоқ. Дегенмен параны азайтып, істі заң аясында шешуге дағдыланғандар бар.
АҚШ-та федералды шенеуніктер мен президентке берілген сыйлық құны 305 АҚШ долларынан асатын болса, заңға сәйкес ол зат декларациялануы керек және мемлекеттік мұрағатқа тапсырылуға міндетті. АҚШ Мемлекеттік департаменті жыл сайын Federal Register газетінде сыйлықтар тізімін жариялайды. Кез келген лауазымдағы шенеунікке берілген 50 доллардан асатын сыйлық парамен тең. Сенаторларға сыйлықтардың құны жылына 300 доллардан аспауы керек, ал, конгрессмендер үшін шекті сома 250 доллар. Жалпы АҚШ сыбайлас жемқорлықпен өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бері алысып келеді. "Шейх" операциясы атымен тарихта қалған ФБР агенттері ірі шенеуніктердің, конгрессмендердің, штат губернаторларының кеңселері мен кабинеттерінде болып оларға пара ұсынып, адалдықтарын тексереді. Осы операциядан кейін көпшілігі өз мансаптарымен, жоғары лауазымды қызметтерімен қош айтысқан.
Әділет жүйелері құқық бұзушылықтарды жазалап, үкіметті бақылауда ұстамайынша сыбайлас жемқорлық өрши береді. Көшбасшылар заңды қолдайтын және сыбайлас жемқорлықпен күресетін институттардың жүйелі жұмыс жүргізуі үшін инвестиция салып, кепілдік беруі керек. Сыбайлас жемқорлықтың кез келген түрін, жазасыз қалдыруға болмайды.
Сингапурде пара алғандар түрмеге қамалады
Қазір Сингапур парасыз қоғам қалыптастырған ел ретінде танымал. Кедей елден қуатты елге айналудың құпиясы – жемқорлықпен күрес. Алайда Сингапурге тән осы беделге нұқсан келетін түрі бар. 40 жылдан кейін алыс-беріс тағы қайталанды. Елдің бұрынғы Көлік министрі тақауда ғана ақшалай сыйлық алғаны үшін, 1 жылға түрмеге қамалды. Оған 230 мың фунт стерлинг ақша жымқырды деген айып тағылып, қылмыстық әрекет тергеу барысында әшкере болды. Бұл сома біздің теңгеге шаққанда 145 млн 874 мың 286 теңге. Тергеу барысында экс-министрдің кәсіпкерлерден сыйлыққа жеке ұшақ, бағалы велосипед алғаны белгілі болды. Сингапурде заңға сәйкес 32 АҚШ долларынан төмен сыйлақтарды ғана қабылдауға рұқсат. Одан қымбаты арнайы комиссияның бақылауына өтеді. Егер, сыйлық қымбат деп танылса, ол аукционға қойылады. Одан түскен қаражат, бюджетке кетеді.
Грузия жемқорлықты қалай жеңді?
Трэнспэрэнси Коррупншн статистикасына сәйкес 2003 жылы Грузия 176 елдің ішінде 127-ші орында болды. Ал былтыр 43-ші орынға көтерілді. Осыдан 21 жыл бұрын жемқорлық Грузияның барлық салаларына дендеген болатын. Бүгінде ол парақорлық деңгейі ең төмен Еуропа елдерімен бәсекелес. Сонымен Грузия жемқорлықты қалай жеңді?
Айталық, елде бір терезе деген қағида бар. Кез келген анықтаманы немесе құжатты бір жерден алынады. Сондай-ақ полицияның жеке құрамы 85%-ға жаңартылды. Қызметкерлер саны қысқарды. Есесіне жұмыс сапасы артты. Көптеген салада қағазбастылық азайды. Мәселен, жол жұру куәлігін алу үшін медициналық және автомобильді тексеру алынды. Мемлекеттік қызметкерлерді ынталандыру және үздік кадрларды тарту мақсатында олардың жалақысы 10-15 есеге көтерілді. Ал парамен ұсталғандар, қамауға алынды.
Жалпы Грузияда шенеунікке беруге болатын сыйлық құны 150 лариден аспауға тиіс. Салыстырмалы түрде айталық, Ұлыбританияда шекті сома - 140 фунт стерлинг, ал Францияда - 35 еуро.
Қытайда жемқорлыққа қатысты жаза қатаң
Ал Қытайда да шенеуніктерге сыйға тартуға тыйым салынған заттардың тізімін заңды түрде бекіткен. Бұл тізімге тек кітап кірмейді. Сыйлық құны қымбат болса, ол пара бергенмен тең. Сыбайлас жемқорлыққа іліккендер өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Тіпті ату жазасы бар. Ал Оңтүстік Кореяда сыбайлас жемқорлық, құқықбұзушылық туралы хабарлаған адамға белгілі сомадан пайыздық ақы төленеді. Бір қызығы, жемқорлықты хабарлаушылардың көбі заң бұзушылардың әріптестері деген дерек бар.