Бразилияда қуаңшылықтан өзендер тартылып жатыр

Бразилияда қуаңшылықтан су азайып кетті деп экологтар дабыл қағып жатыр.

Мату-Гросу-ду-Сул штатындағы Миранда өзенінің тартылуы өңірдің экожүйесімен бірге халықтың күнкөрісіне әсер ете бастаған. Кезінде суы арнасынан асып-тасып жататын өзен суының төмендеуіне не себеп?

Миранда өзені ­– Бразилиядағы «Пантанал» деп аталатын сулы-батпақты аймақтың басты су көзінің бірі. Пантанейро су институтының мәліметтері бойынша, бұрын оның тереңдігі 5 метрден асатын. Қазір кей жерлерде өзеннің түбі көрініп қалған. Бұл өңірдің флорасы мен фаунасына зор нұқсан келтірген. Мамандар: «Бұған қуаңшылықпен бірге ормандардың жиі өртеніп, табиғи қорғаныш жүйесінің бұзылуы себеп», – дейді.

Эдуардо Фоли Коэльо, Гидрография комитетінің өкілі:

- Жердің және жағалаудағы ормандардың қорғалмауы жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Толассыз  жауын-шашын кезінде су өзенге ағып, үлкен зиян келтіреді.

Дерекке сүйенсек, Бразилияда соңғы үш жылда жауын-шашын аз түсіп, құрғақшылық күшейген. Биыл одан 9 млн-нан аса адам жапа шегіп, ну ормандарды шарпыған қызыл жалын жағдайды тіпті ушықтырып жіберген. «Әсіресе елдің ауыл шаруашылығына көп зиян келтіріп, шаруаларға ауыр соғуда», –   дейді сарапшылар.

Алан Карлос Кобачо До Прадо, прокурор:

- Біздегі ахуал өте өкінішті әрі қатерлі. Қатты құрғақшылық жағдайында өзенді қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын  ауқымды жедел  топ құрылуы тиіс. Тек бірлескен күш-жігермен ғана біз табиғи ресурстарымызды сақтап, экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіре аламыз.

Мамандар: «Елде өзен-көл суларының төмендеуі мен топырақ эрозиясы экологиялық апат белгілері», – дейді.  Жергілікті билік жуық арада өңірге жедел экспедиция ұйымдастырып, өзенді қалпына келтіру жолдарын қарастыруға ниетті.

Авторы: Динара Орынтай