Руандада Марбург вирусынан 12 адам көз жұмды
Руандада Марбург вирусына қарсы вакцинация басталды.
Препарат ең алдымен медицина қызметкерлеріне егіледі. Өйткені індетті жұқтырғандардың жартысынан астамы – дәрігерлер. Шығыс Африкадағы бұл мемлекетте қазір Марбург вирусы өршіп тұр. Кейінгі бір айда ауруды 50-ге жуық адам жұқтырған. 12 науқас көз жұмды. Мамандар Руандамен көршілес Конго, Танзания мен Угандаға да қауіп төніп тұрғанын ескертеді.
Айта кеткен жөн, Марбург вирусын жарқанаттар таратады. Оны жұқтырған адамның денесі қалтырап, бұлшықеттері ауырады, іші өтіп, құсады. Сөйтіп бауыры, асқазан-ішек жолдары мен орталық жүйке жүйесі зақымданады. Өлім көрсеткіші 88%-ке тең. Аурудың ең ірі ошағы 2005 жылы Оңтүстік Африкадағы Анголада тіркелген. Ол кезде вирустан 300-ден аса адам қайтыс болды.