Сирияда алғаш рет зағип балаларға арналған балабақша ашылды

Орталықта, сондай-ақ есту, сөйлеу қабілетінен айырылған және аутист балғындарға да, қызмет көрсетіледі, деп хабарлайды 24kz.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Шам шаһарындағы Al-Nour балабақшасында тағдырдың қатал сынына ұшыраған осал топтағы балалар тәлім-тәрбие алады. Ал оқытушылар Монтессори әдісімен оларды мектепалды даярлықтан өткізіп, жазу-сызуды үйретеді. Жергілікті Зағип жандарға күтім жасау қауымдастығы орталықтың құрылуына мұрындық болыпты.

Мохсен Мукла, Зағиптарға күтім жасау қауымдастығының мүшесі:

- Біздің балабақшада әртүрлі мүгедектігі бар балалармен жұмыс жасайтын оңалту орталығы ашылған. БұлТаяу Шығыстағы осы бағытта қызмет көрсететін алғашқы мекеме. Мұнда балалар өзін қоғам мен отбасының тең мүшесі ретінде сезінуі үшін түрлі дәрістер өткізіліп, психологиялық дамыту сабақтары ұсынылады. Орталық ақысыз. Балаларды балабақшаға таситын арнайы автобус та қарастырылған.

Көру қабілеті нашар балалар үшін арнайы Брайль қарпі негізінде дәріс жүргізіледі. Ал мұндай ерекше балаларды мүгедектігі бар тәрбиешілер оқытады. Балабақша басшылығының сөзінше, бұл қадам оқытушылардың балаларға жанашырлықпен қарап, олардың жан дүниесін шынайы түсінуіне мүмкіндік береді.

Батул Кхаррат, балабақша тәрбиешісі:

- Әр баланың өзіндік ерекшелігі мен өмір салты бар. Олардың барлығы қамқорлыққа мұқтаж. Ал білгеніңмен бөлісу үшін алдымен, балаларды түсінуге тырысу керек. Жұмысым нәтижелі болу үшін мен олардың әрқайсысының жеке басын танып, білуге тырысамын.

Тағдыр маңдайынан сипамаса да, тәлімгер мейірім танытқан бұл балалар аз уақытта оң нәтижеге қол жеткізе бастаған. Олардың кішкентай жетістігіне куә болған ата-аналары мұғалімдерінің маңдай тері мен адал қызметіне шын риза.

Түркия Маджхуд, жергілікті тұрғын:

- Қызымның балабақшаға келгелі тәртібі, мінез-құлқы, жақсара бастады. Дені сау, қарапайым баладан еш айырмашылық байқалмайды. Мұндағы оқыту жүйесі тамаша, біртіндеп барлығы түзеледі деген үміттемін.

Сириядағы экономикалық ахуалға байланысты балабақшаның болашағы бұлыңғыр. Көп ұзамай жабылып қалуы да мүмкін. «Соған қарамастан, орталықтың жұмысы тоқтап қалмас үшін бар күшімізді саламыз», - дейді мамандар.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева