Оңтүстік Америкада орман өрті өршіп тұр
Кейінгі екі жылда орман өрттерінен жаһандық көміртегі шығарындылары бұрынғымен салыстырғанда 16% артқан.
Сөйтіп, ауаға таралған көмірқышқыл газының мөлшері 8,6 миллиард тоннаға жетті. Бұл – әлемдік ресурстар бойынша талдау жүргізетін америкалық институттың дерегі.
Биыл Оңтүстік Американың 13 елінде 346 мың 112 өрт болды. Бұл көрсеткіш сарапшылардың есебі бойынша 2007 жылмен салыстырғанда 10 есе көп. Қазір құрлықтағы Бразилия, Боливия, Чили, Перу, Аргентина, Парагвай, Венесуэла, Гайана және Колумбияда жағдай қиын.
Бразилияда орман өрті күйретіп барады
Бразилияның 250-ге жуық қаласында ауа ылғалдылығы Сахара шөліндегі көрсеткіштерге таяп қалған. Кей өңірде жаңбырдың жаумағанына 3 айдан асып кеткен. Ел бойынша 9 мыңнан аса өрт шыққан. Құрғақшылықтан қант өндірісіне де зиян келді. Жалпы бұл мемлекет осы шикізаттың әлемдегі ірі өндірушісі саналады. Сондай-ақ Сан-Паулу штатында қыркүйектен бері 50 мың гектардан астам орман алқабы өртеніп кеткен. Ал, Пантанал штатында кейінгі төрт айда 2,5 мың орман өрті тіркелді. Бұл – 25 жылда болмаған жағдай. Қазіргі ахуал 2020 жылғыдан да қиын. Ол кезде табиғаты таңғажайып аймақтың үштен бірі өртеніп, 17 млн жануар қырылып қалған еді. Мамандар бұған климаттың өзгеруі себеп дейді. Сонымен қоса, ахуалдың осылай ушығуына адамның іс-әрекеті де әсер еткен. Сондықтан билік шаруларға егіс алқаптарында масақ өртеуге тыйым салды.
Орман өртінің жиілеуіне климаттың өзгеруі, су тапшылығы мен ормандардың оталуы себеп. Тілсіз жаудың 85%-не адамдар кінәлі болады. Өрт оқиғаларының көбі ормандары оталған аймақтарда тіркеліп жатады.
Канаданың тарихи қаласы өртеніп кетті
Тілсіз жаудан биыл қатты зардап шеккен елдің бірі – Канада. 19 шілдеден бері шамамен 95 мың гектар жер өрнетіп кеткен. Әіресе тарихи қала Джаспердің сыйқы қашқан. Қаладағы мың бір жүз,, он үш нысанның 358-і жанып кетті. Сондай-ақ 36 мың гектар алқапты алып жатқан Джаспердің ұлттық паркіне тиесілі аумақтың тек күлі қалған. Ұлттық саябақ өзінің тұмса табиғатымен жыл сайын 2,5 млн турист қабылдайтын еді. Өйткені Джаспер – курорттық орын. Аймақтан табиғи апатқа байланысты 4700 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл – қаладағы барлық тұрғын саны.
Жер беті жылынған сайын дала өрттері жиілеп кетті. Оның салдары қоғамға да, қоршаған ортаға да әсер етеді. Өйткені орман өрттері атмосферадағы СО2 концентрациясын арттырады және жаһандық жылынуды күшейтеді.
АҚШ-та орман өрті ырық бермей тұр
АҚШ-та өткен айдан бері 71 жерде белсенді орман өрті шығып, 2 млн гектар жер жойылды. Аризона, Калифорния, Айдахо штаттары қатты зардап шегіп, төтенше жағдай жарияланды. Ормандағы өрт тұтас қалаларды жойып жатыр. Тілсіз жау АҚШ-тың Калифорния штатындағы 150 жылдық тарихы бар Гринвил шаһарын күлге айналдырды. Осы штаттағы Парадайз қаласы да толығымен жанып кеткен. Жалпы АҚШ-та орман мен даладағы өрт салдарынан жыл сайын 20 мың америкалық көз жұмады.