Үндістандағы тұңғыш әрі жалғыз кәсіби симфониялық оркестрді қазақстандық маман басқарады
Ұжымды елімізге белгілі өнер саңлағы, танымал скрипкашы Марат Бисенғалиев 18 жыл бұрын құрды.
Осылайша, қос елдің мәдени байланысын дамытып отыр.
Асыға күткен кештің басталуына санаулы сәттер қалды. Сондықтан үндістандық өнерпаздар барын салып, соңғы дайындығын пысықтап жатыр. Мұнда шеберліктен бөлек, тонның ішкі бауындай татулық та керек. Сан түрлі аспап шеберлерін бір арнаға тоғыстырып, бүтін бір ұжым құрған – белгілі қазақстандық скрипкашы, дирижер Марат Бисенғалиев.
Марат Бисенғалиев, Үндістан симфониялық оркестрінің жетекшісі:
- Қазіргі таңда түрлі елдерге гастрольдік сапарларымыз көбейді. Себебі біздің оркестр өзін оң қырынан танытып, көрерменнің көңілінен шыға алды. Оркестр құрамындағы әртістердің дені - қазақстандықтар. Жерлестерім үнемі біргемін. тіпті осындай әдемі сахналарда қатар өнер көрсетіп жүрміз.
Бұл – Үндістандағы тұңғыш әрі жалғыз кәсіби оркестр. Осыдан он сегіз жыл бұрын тұсауы кесілді. Оркестр құрамында әр музыкантты маэстро өзі сыннан өткізіп, іріктеген. Әйгілі тұлғаның мектебінен өткен 20 өнерпаз бүгіндері Грузияға гастрольдік сапармен келді.
Бьянка Мендоса, Үндістан симфониялық оркестірінің бас менеджері:
- Қазақстанда дарынды азаматтар жетерлік, әсіресе музыка саласында. Соның бірі - біздің жетекшіміз Марат Бисенғалиев. Оркестр құрудағы мақсатымыз - нағыз шеберлерден дәріс алып, өнер үйрену болатын.
Грузиялық тыңдарманға үндістандық әртістер Карла Дженкинс пен Эдвард Элгардың шығармаларынан тарту жасады. Қазақтың төл музыкасы мен үндінің сырлы сазына да кезек тиді. Ал кеш соңына қарай Грузия мәдениетінің бойтұмары саналатын – «Сулико» әнін нақышына келтіре орындады. Бұл жиылғандар үшін күтпеген сый болды.
Инга Чхеидзе, көрермен:
- Әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Бұл ұжым туралы көптен бері естіп, бүгін міне, олардың ғаламат өнерін тамашалауға мүмкіндік туды. Асқан кәсібилік пен шебер орындаушылық мәнер байқалып тұр.
Музыканың мөлдір әлеміне сапар шектірген кеш жергілікті тыңдарманның көңілінде қөпке дейін қалардай. Олар маэстроны қайта-қайта биске шақырып, ұзақ қошемет көрсетті.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Юлия Тужилкина