Бразилияда орман өртіне көп жағдайда адамдар кінәлі
Биыл Оңтүстік Америкада орман өрті бойынша антирекорд орнады. Өңірде 350 мыңдай өрт ошағы тіркелген.
Соңғы рет мұндай қиын жағдай 2007 жылы болған. Мамандар бәріне климаттың өзгеруі себеп екенін айтады. «Сосын адамдардың өзінен де кінә бар», - дейді.
Оңтүстік Америкада қазір орман өртінің қаупі жоғары маусым жалғасып жатыр. Көп бөлігі Бразилияда орналасқан Амазония тропикалық орманындағы жағдай қиын. Оны "біздің ғаламшардың өкпесі" деп атайды. Өйткені жер бетіндегі оттегінің 20 пайызын бөледі. Бірақ қазір оның орнына рекордтық мөлшерде көмірқышқыл газын шығаруда. Себебі мұнда кейінгі 20 жылдағы ең алапат орман өрті тіркелген. Биыл 62 мың шаршы шақырым аумақ тып-типыл болды. Салыстыру үшін айтсақ, бұл бүкіл Шри-Ланка мемлекеті алып жатқан аумақпен шамалас. Оған жаһандық жылыну себеп. Күннің ыстығынан Бразилия аумағының үштен бірін қуаңшылық жайлаған. Мамандар күрделі жағдайға адамдар да кінәлі екенін айтады. Өйткені жерді өнеркәсіптік мақсатқа пайдаланығысы келетін қаскөйлер қасақана өрт қойып жатады. Одан қалса, фермерлер масақ өртеп, жағдайды одан бетер ушықтыруда.
Боливияда 10 млн гектар орман алқабы өртеніп кетті
Осы Бразилиямен көршілес Боливияда да орман өртінің өршуіне шаруалар кінәлі. Күннің ыстығы мен құрғақшылықтың да залалы зор. Бірер күн бұрын мұнда ұлттық деңгейдегі апат туралы жарияланып, төтенше жағдай енгізілді. Жыл басынан бері 82 мың өрт ошағы тіркелген. Сөйтіп бір жыл ішінде елде 10 миллион гектар орман алқабы жермен жексен болды. Бұл Исландия не Куба аумағымен пара-пар. Әсіресе елдің шығысындағы - ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Санта-Крус департаментіндегі ахуал алаңдатарлық. Тілсіз жаудың 70 пайызы осы аймақта тіркелді.
Эквадорда орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды
Эквадорда да тілсіз жауға байланысты жақында төтенше жағдай жарияланды. Кейінгі 4 айда 2 мың гектар алқап өртеніп кеткен. Елді кейінгі 60 жылда болмаған алапат қуаңшылық жайлаған. Ал мемлекет су энергетикасына тәуелді. Құрғақшылықтан қоймалардағы су деңгейі күрт төмендеп, содан қуат тапшылығы туындаған. Осыған байланысты билік күніне бірнеше сағатқа жарықты өшіріп отыру шешімін қабылдауға мәжбүр болды.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева