Қытайда роботехника қарқынды дамып жатыр
Қытайдағы роботехника саласы қарқынды дамып келе жатыр.
Биыл жыл басынан шілде айына дейін осы секторда 190 мыңнан аса патент тіркелген. Алпауыт елдегі қаржы орталығы саналатын Шанхайда құлтемірлер түрлі индустрияда қолданылуда.
Қытайда роботехника саласының дамуы әсіресе соңғы онжылдықта қарқын алды. Қазір елде 30-ға жуық компания адам тәріздес құлтемірлерді жасап шығарумен айналысады. Олардың жартысы Шанхай қаласында орналасқан. Кейбір робот түрлері тіпті өндірістік жолға қойылған.
Ян Вэйвэнь, Өрт сөндіру станциясының директоры:
- Қазіргі уақытта біз мұндай роботтарды көбіне жер сілкінісінен кейінгі іздестіру-құтқару жұмыстарында пайдаланамыз. Сондай-ақ өрт сөндірушілерге ауыр заттарды жылжыту кезінде физикалық күшті үнемдеуге көмектеседі.
Құлтемірлерді кеңінен қолданып жатқан саланың бірі - медицина. Олар дәрігерлердің ота жасау, диагностика жүргізу сияқты істерімен қатар науқастарды күтуге де пайдаланылуда. Емделушілер өздерінің сауығып шығуына құлтемірдің көп көмегі тигенін айтады.
Робот маған әрқашан көмектесіп, аяқтарымның қалпына келуіне үлкен септігін тигізді. Осы жаңа технологиялар арқасында, өзімді бұрынғыдай еркін сезініп, күнделікті өміріме қайта оралуға мүмкіндік алдым.
Шанхай университетінің машиналық интеллект институтының директоры Ли Цинду да роботтардың науқастарды емдеудегі кей артықшылықтарына назар аударады.
Ли Цинду, институт директоры:
- Бұл роботтың салмағы 28 келіден аспайды, ал биіктігі 1,6 метр. Ол әлемдегі ең жеңіл робот ретінде танылған. Жаңа технологиялар мен заманауи материалдардың көмегімен жасалған бұл робот күнделікті өмірді жеңілдетуге арналған, отбасылардың өмірін тиімді ету үшін барлық қажетті функцияларды атқарады.
Бүгінгі күні Қытайда робототехника индустриясының дамуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, қоғамның көптеген саласын өзгертуге мүмкіндік беріп отыр. Сарапшылар: «Саладағы жетістіктер адамдардың өмір сүру сапасын арттырып, болашақ өндірістердің негізін қалауда», - дейді.
Авторы: Динара Орынтай