Әлемде телефонға тыйым салған мектептер көбейді

Әлемде телефонға тыйым салған мектептер көбейді

Даниядағы мектептердің 88% смартфондар қолдануға тыйым салды

Дания білім беруде цифрлық құралдарды қолдану бойынша жетекші елдердің бірі саналады, деп хабарлайды 24kz.

Дегенмен, мемлекетте мобильді құрылығыларсыз мектептер саны көбейіп келеді. Өйткені балалардың денсаулығы мен білім деңгейі нашарлап барады. Ал Италия Еуропаның өзге елдерінен артта қалмау үшін білім беру саласындағы цифрландыруды дамытып жатыр.

Данияда смартфондарды қолдануға тыйым салған мектептердің қатары артып келеді. Ондай мекемелердің саны 88%-ке жеткен. Балалар сабақтың алдында гаджеттерін сейфке салады да, оларды үйге қайтарда ғана ала алады. Пилоттық жоба былтыр іске қосылған. Оны ұстаздар ғана емес, ата-аналар да қолдап жатыр. Өйткені ұялы телефондардың кесірінен балалардың оқуға деген ынтасы төмендеп кеткен. Сонымен қоса, мамандар гаджеттердің оқушылардың денсаулығы мен ұйқысына кері әсеріне қатысты да алаңдаулы. 

 

Еуропада телефонға тыйым салған мектептер көбейді

Еуропаның өзге елдерінде де осындай бастамаларды қолға алып жатқандар қатары көбейіп келеді. Францияда 2018 жылдан бері мектеп аумағында гаджеттерді қолдануға болмайды. Енді биылғы жаңа оқу жылынан бастап оларды ұстауға да рұқсат жоқ. Оқушылар телефон, «ақылды» сағат пен планшеттерді білім беру мекемесіне кіргенде, бірден шкафқа салып кету керек. Әзірге тиісті ереже 200 мектепте енгізілген. Ал келер жылдың басынан барлығы да талапқа бағынуы тиіс. Ал Грекияда биылғы жаңа оқу жылынан бастап балалар телефондарын сөмкесінен шығармау керек. Ережеге бағынбағандар бір күнге сабақтан шеттетіледі. Бұл жергілікті білім беру министрлігінің кибербуллингпен күрес саясатының бір бөлігі. Биыл көктемде мұнда сыныптастарын суретке не видеоға түсіріп, оны мазақ етіп интернетке салғаны үшін оқушыны мектептен шығару туралы ереже күшіне енген.

 

АҚШ-тың 14 штатында мектепте телефон қолдануға қатысты шектеу бар

Жақында Калифорния губернаторы да мектептерде смартфондарды қолдануға тыйым салатын заңға қол қойды. Оған 6 миллион оқушы бағынады. Өйткені мамандар телефон баланың психикалық жағдайы мен оқу үлгеріміне кері әсер ететінін айтады. Калифорниядан бөлек, АҚШ-тың тағы 13 штатында гаджеттерді қолдану бойынша шектеулер бар. Билік: «Дегенмен бұл оқу процесінде балалар мүлде цифрлық құрылғыларды қолданбайды деген сөз емес», - дейді. Шектеу тек телефондарға қатысты. 

 

Италия мектептерінде виртуалды көмекшілер пайда болды

Ал Италияда білім беру саласында цифрландыруды дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Өйткені Еуропаның өзге елдерімен салыстырғанда, бұл жағынан артта қалып келеді. Сөйтіп, қыркүйектен бастап 15 мектепте жасанды интеллект негізіндегі виртуалды көмешілер пайда болды. Пилоттық жоба балалардың қабілетін анықтап, білім беру сапасын жақсартуы тиіс. Тәжірибе аяқталғанда ұлттық институт оның тиімділігін бағалайды. Нәтижесі жақсы болса, виртуалды көмекшілер басқа мектептерде де пайда болуы мүмкін.

Авторы: Жулдыз Атагельдиева