Жапондықтар жаңбыр суын құрылысқа пайдалануда
Токиода жаңбыр суын жинау үшін жерасты туннелін қайта кеңейту жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24kz.
Құрылыс қаладағы биік ғимараттар мен тығыз көшелер арасында жүргізілуде. Бұл заманауи су ағызу жүйесі тұрғындарды жойқын су тасқыны мен табиғи апаттардан қорғауға арналған.
Жапония астанасында жерасты туннелін кеңейту жұмыстарына жаңбыр суы пайдалануда. Бұл құрылыс мегаполисті өзендердің тасуынан және тайфундардан болатын жиі су тасқынынан қорғауға көмектеседі. Қазіргі таңда 4,5 шақырымнан астам жерасты өткелі іске қосылды. Архитектура бюросының менеджері Шуна Отомоның айтуынша, туннель табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алады.
Шуна Отомо, Токио сәулет бюросының менеджері:
- Жер температурасы 2050 жылы 2 градусқа көтерілгенде жауын-шашын мөлшері 10%-ке артады деген болжам бар. Мұндай қатты жауын-шашын қаланың инфрақұрылымына елеулі зиян келтіруі мүмкін. Осыған байланысты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз шұғыл алдын алу шараларын қабылдаудамыз.
Сэйта Эмори, Токио университетінің профессоры:
- Жаһандық жылыну нәтижесінде судың булану мөлшері артып, жауын-шашынның көбеюіне алып келеді. Алдағы уақытта жер температурасының жоғарылауына байланысты бұрын-соңды болмаған рекордтық жауын-шашын күтілуде.
Жаңбыр суын жинақтайтын бірнеше коллектор бар. Солардың ең ірісі 20 жылдан астам уақыт бұрын іске қосылған. Құрылысы 13 жылға созылған жобаға мемлекеттік бюджеттен 2 млрд доллардан астам қаржы жұмсалған. Су жинайтын коллектордың сыйымдылығы 100 олимпиадалық бассейнге тең. «Жерасты сарайы» деп аталатын бұл жер жапондықтар арасында танымал. Яғни, жастардың телехикаялар түсіріп, фотосессия жасау үшін жиі жиналатын сүйікті орнына айналған.
Ёсиро Миядзаки, жоба менеджері:
- Жерасты туннелі су тасқыны кезінде 1 млрд доллардан астам шығынның алдын алуға көмектесті. 23 жыл ішінде бұл құрылғы шамамен 147 рет пайдаланылып, жылына орта есеппен жеті рет қолданылды. Бұл жоба Токионың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады.
Канто жазығындағы Токио қаласы бес ірі өзенге жақын орналасқан. Жиі болатын тайфун мен мол жауын-шашынның салдарынан мегаполис жыл сайын «Цую» маусымымен бетпе-бет келеді. Бұл кезеңде қалада екі ай бойы толассыз жаңбыр жауып, жергілікті өзендер арнасынан асып, көптеген префектураларда төтенше жағдай жарияланып тұрады.
Авторы: Динара Орынтай