Флорида штатында алапат дауыл тұрды

Қыркүйектің аяғында "Хелен" дауылы АҚШ-тың Флорида және Солтүстік Каролина штаттарын жайпап өткен еді.

Сол кезде 200-ден астам адам опат болды. Миллиондаған тұрғын баспанасыз қалды. Енді жығылғанға жұдырық, Флорида халқына бүгін тағы бір алапат дауыл келді.

Флориданың бірнеше қаласында төтенше жағдай жарияланып, аймақтардағы 5 млн-нан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Тропикалық циклонды АҚШ президенті Джо Байден Флорида тарихындағы ең жойқын дауылдардың біріне теңеді. Ал метеорологтар «Милтон» дауылын 100 жылда бір келетін табиғи апат деп бағалап отыр. АҚШ-тың Ұлттық дауыл орталығының хабарлауынша, жойқын жел дәл қазір штаттың орталық-батыс жағалауына қарай бағыт алды. Негізгі соққы Тампа аумағына келеді деген болжам бар. Ал онда 3,3 млн адам тұрады. Демек алдағы түн Флорида үшін өте қауіпті болмақ.

Бұл дауылдың қайдан пайда болғаны туралы айтсаңыз. Оның жылдамдығы қандай? Және Флорида штатында тұратын қазақстандықтардың жағдайы қалай?

Талғат Алманов, тілші:

- Бұл Мексика шығанағының оңтүстігінде басталған табиғи құбылыс. Билік өкілдерінің айтуынша желдің жылдамдығы сағатына 260 шақырымнан асуы мүмкін. Отандастарымызға келер болсақ, елшілік өкілдерінің айтуынша олармен байланыс орнатылған және штаттағы жағдай назарға алынған. Ол штатта консулдық тіркеуде тұрған 105 қазақстандық өмір сүреді. Бірнеше сағат бұрын  біз сол штатта түратын отандасымызбен тілдесіп, жағдайдың мән-жайын білген едік. Соған назар аударсақ.

Дана Асқар, Майами қаласының тұрғыны:

- Флорида штатында мұндай дауылдар жиі болып тұрады. Оған үйреніп кеттік деуге болады. Біздің қаладағы жағдай салыстырмалы түрде тұрақты. Себебі біз эпицентрден 4 сағаттық жерде тұрамыз. Сонда да мұнда жел көтеріліп, жаңбыр сіркіреп тұр. Халық дүкендерге барып керек-жарағын алып, қамданып жатыр. Жергілікті билік те керек азық-түліктің сөрелерден табылуы үшін барынша жағдай жасап жатыр. Осы сәтті пайдалана отырып, ата-анама алаңдамаңыздар дегім келеді.

Кейде торнадо мен дауылды шатастырып жатамыз. Бұл метереологиялық құбылыстардың арасында қандайда бір айырмашылық бар ма?

Талғат Алманов, тілші:

- Иә, бар. Ең басты айырмашылық торнада мен дауылдың қалай және қайда пайда болатынына қатысты. Торнадо немесе құйын құрғақ жерде немесе жағалауда пайда болса, ал дауылдар тек мұхиттарда түзіледі. Дауылға қарағанда торнадолардың көлемі әлдеқайда кіші болады. Мәселен, торнадолардың көлемі әдетте бірнеше шақырымға дейін созылса, дауылдар жүздеген километрді қамтиды және үлкен аумақтарға қауіп төндіреді. Дауылдар бірнеше күнге, тіпті апталарға созылып кетуі мүмкін. Мәселен, 1971 жылы Солтүстік Каролина мен Багам аралдарын жайпап өткен Джинджер дауылы 27 күнге созылған еді.

Бүгінгі дауыл қашан аяқталады және оның салдарынан келетін шығын жайлы қандай ақпарат бар?

Талғат Алманов, тілші:

- Қазіргі уақытта табиғи апаттың нақты қай уақытта аяқталатынын болжау қиын дейді мамандар. Себебі метереологтардың жасаған болжамдары әр сағат сайын құбылып, өзгеріп тұр. Дегенмен мамандар дауылдың күші ертең, яғни АҚШ уақыты бойынша Бейсенбі күні Флорида штатының орталығынан Атлант мұхитына қарай кесіп өткен уақытта азая түседі деп отыр. «Милтон» дауылынан келетін шығын 10 млрд доллардан асуы мүмкін дейді мамандар.